
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2 555 атаудағы дәрілік затты қамтыды.
Бақыланған дәрілік заттардың шамамен жартысының – 1 267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалды. Ал 147 препараттың бағасы 20%-дан астам төмендесе, тағы 198 препараттың бағасы 10–20%-ға, 244 атаудың бағасы 5–10%-ға арзандаған.
Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында жұқпалы ауруларды, жүрек-қан тамырлары ауруларын және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын препараттар бар.
Атап айтқанда, Зитмак®️ 250 мг №6 препаратының бағасы 24,25%-ға, Цефтриаксон 1 г – 22,03%-ға, Пантап®️ 20 мг №14 – 20,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 – 14,7%-ға, Энап®️ 5 мг №10 – 13,27%-ға, Пульмикорт 0,25 мл – 11,09%-ға, Амоксиклав 875 мг/125 мг – 6,86%-ға арзандады.
Тұтынушылар үшін дәрілік заттардың бағасын тексерудің қосымша құралы – Naqty Onim мобильді қосымшасы. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және оған белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады.
Тізбені өзектендіру нәтижесінде мемлекеттік баға реттеу 3 039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік препаратқа қолданылады. Сонымен бірге 4 918 препарат мемлекеттік реттеуден шығарылды. Олардың қатарында рецептсіз босатылатын дәрілік заттар және құны бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецептпен босатылатын препараттар бар.
https://youtu.be/LXlYS8rbQko?si=BZFaiTgxtBMbZ8a4
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-almaty-oblast/press/news/details/1276559?lang=ru

Жауап қалдыру