Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта жаңғырту, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасыың Әлеуметтік кодексіне сәйкес – егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың:

  • жасына байланысты зейнетақы төлемдері;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
  • бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері азаматтың жеке зейнетақы шотында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асырылады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауға уәкілетті мемлекеттік орган – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері.

Қазіргі уақытта жасына байланысты зейнетақы төлемдері:

  • ерлерге – 63 жасқа толғанда;
  • әйелдерге – 61 жасқа толғанда тағайындалады.

Сонымен қатар бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне (кемінде 6 ай болуы қажет) және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі кезеңдегі жұмыстағы үзілістерге қарамастан кез келген қатарынан үш жылдағы орташа айлық табысқа байланысты айқындалады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табыс мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті жылға белгіленген 55 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) аспауға тиіс (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 4 325 теңге, яғни 237 875 теңге).

1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі еңбек кітапшасымен, ал еңбек кітапшасы болмаған немесе онда тиісті жазбалар болмаған жағдайда еңбек қызметін растайтын құжаттармен не сот шешімімен расталады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеген кезде еңбек өтіліне:

  • жеке және заңды тұлғалармен еңбек шарттары бойынша атқарылған ақылы жұмыс;
  • әскери қызмет;
  • орта арнаулы немесе жоғары оқу орнында оқу;
  • жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (ол іс жүзінде күтімді жүзеге асырған кезде) жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;
  • он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасау уақыты, басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт.

Сонымен қатар, заңнамада жекелеген еңбек кезеңдерін жеңілдікпен есептеу де көзделген. Атап айтқанда:

  • 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін Семей ядролық сынақ полигонына іргелес аудандардағы жұмыс пен әскери қызмет – үш еселенген мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден 1992 жылғы 1 қаңтарға дейін – бір жарым еселенген мөлшерде;
  • алапеске қарсы және обаға қарсы мекемелерде, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөніндегі инфекциялық аурулар мекемелеріндегі жұмыс – екі есе мөлшерде, сот-медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыс – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жұмыстар тізбесі бойынша – бір жарым есе мөлшерде есепке алынады.

Еңбек өтілін растайтын негізгі құжат – еңбек кітапшасы, ал еңбек кітапшасы болмаған немесе жарамсыз болған, онда тиісті жазбалар болмаған немесе түзетулер, дәлсіздіктер мен сәйкессіздіктер болған жағдайда архив мекемесінің анықтамасы немесе сот шешімі ұсынылады.

Сонымен қатар, қажет болған жағдайда диплом, аттестат, әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы, балалардың туу туралы куәліктері, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, жалғыз басты екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сексен жасқа толған қарт адамға немесе он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасау фактісі мен кезеңін растайтын сот шешімі ұсынылады.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты айқындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) аударылған кезеңдер кіреді.

Міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезең орталықтандырылған деректер базасындағы міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны туралы мәліметтермен расталады.

Міндетті зейнетақы жарналары толық немесе уақтылы аударылмаған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарын (олардың болуына қарай) жүзеге асыру кезеңдері мынадай құжаттармен расталады:

  • міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер өтініш беруші еңбек өтілін растайтын құжаттарда көрсетілген еңбек қызметінің кезеңдеріне сәйкес келсе Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушінің (құқықтық мирасқордың) немесе архивтік мекеменің растау анықтамасы;
  • міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңдерін растайтын сот шешімі.

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған жағдайда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – КД) 70 % (35 596 теңге) тең болады. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін базалық зейнетақы мөлшері 2 % ұлғаяды, бірақ күнкөріс деңгейінің 118 % (60 005 теңге) аспайды (анықтама үшін: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге).

Әлеуметтік кодекске сәйкес 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең жоғарғы мөлшері төменгі күкөріс деңгейінің 120% болатын атап өту керек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1277128?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді