
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МАУСЫМДЫҚ ЖӘНЕ УАҚЫТША ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Маусымдық және уақытша жұмысшылар еңбек қызметінің ерекше сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбек құқықтары мен кепілдіктеріне ие.
Маусымдық жұмысқа еңбек шарты жасалған кезде сынақ мерзімі белгіленбейді. Маусымдық және уақытша жұмысшылардың жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына құқығы бар. Еңбек шарты демалыс пайдаланылғанға дейін тоқтатылған жағдайда, пайдаланылмаған демалыс күндері үшін жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде өтемақы төленеді.
Жұмыскер еңбек шартын өз бастамасымен бұзғысы келген жағдайда, жұмыс берушіні кемінде жеті күнтізбелік күн бұрын хабардар етуге тиіс. Жұмыстан босатылған кезде есеп айырысу және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.
Маусымдық және уақытша жұмысшылардың үстеме және түнгі жұмыстар үшін ақы алуға құқығы бар. Мұндай жұмыс жалпы тәртіппен, әдетте, кемінде бір жарым еселенген мөлшерде төленеді.
Егер еңбек шарты уақытша болмаған негізгі жұмыскерді алмастыру кезеңіне жасалса, еңбек шарты негізгі жұмыскер жұмысқа шыққан күні тоқтатылады.
Маусымдық жұмысшымен еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзу тек заңда көзделген негіздер болған жағдайда жүзеге асырылады. Жұмыс беруші таратылған немесе қызметкерлер саны не штаты қысқартылған жағдайда маусымдық жұмысшыға екі апталық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді.
Осылайша, жұмыстың маусымдық немесе уақытша сипаты жұмысшыны еңбек кепілдіктерінен айырмайды. Бұл санаттағы жұмыскерлер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген еңбекақы төлеу, еңбек демалысы, өтемақы төлемдері және басқа да еңбек құқықтарына ие.
https://www.instagram.com/p/DcQTMQ5uAPW/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==&igsi=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-enbek/press/news/details/1277449?lang=ru

Жауап қалдыру