
Сандықтау ауданының Балкашино ауылында жергілікті кәсіпкер Илгам Гулиев ашқан «Paidaly» Halal Et Market жаңа ет дүкені жұмысын бастады. Жаңа сауда нысанында тұрғындарға халал талаптарына сай жаңа ет өнімдерінің кең ассортименті ұсынылып, сатып алушыларға қосымша қызмет түрлері көрсетілуде.
Дүкен сөрелерінен сиыр еті, қой еті, жылқы еті, тартылған ет, сондай-ақ дайын маринадталған кәуап түрлерін сатып алуға болады.
Кәсіпкер Илгам Гулиевтің айтуынша, дүкеннің басты ерекшелігі – өнім түрлерінің кеңдігі және сатып алушыларға қолайлы жағдай жасалуы.
«Тұрғындар әртүрлі ет түрлері мен дайын өнімдерді бір жерден сатып ала алатындай жағдай жасауға тырыстық. Жаңа ет өнімдерінен бөлек, дайын маринадталған кәуап ұсынамыз, шұжық пен қазы дайындаймыз. Сонымен қатар сатып алушыларға қосымша қызметтер көрсетеміз. Мәселен, ет сатып алған жағдайда, оны тегін мүшелеп турап немесе етін тартып, фарш жасап береміз», – дейді кәсіпкер.
Шағын сауда орындарында көбіне ет өнімдерінің жекелеген түрлері ғана ұсынылса, «Paidaly» Halal Et Market дүкенінде сатып алушыларға өнімдердің кең таңдауы ұсынылуда. Мұнда өнімдердің балғындығына, ассортименттің молдығына және қызмет көрсетудің ыңғайлылығына ерекше мән берілген.
Дүкеннің ашылуымен ауылда төрт жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл тұрғындар үшін қосымша жұмыс мүмкіндіктерін қалыптастырып қана қоймай, аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына да өз үлесін қосады.
Жаңа сауда нысанының ашылуы – Сандықтау ауданында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы кезекті қадам. Жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуы жұмыс орындарын құруға, тауарлар ассортиментін кеңейтуге және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жергілікті бизнестің дамуы – жаңа дүкендер мен қызмет түрлерінің пайда болуы ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін қосымша мүмкіндіктердің қалыптасуы, халықты жұмыспен қамту және аудан экономикасын нығайту болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1276481?lang=ru

Жауап қалдыру