
Қаражал жастары “Сенің өмірің – сенің таңдауың” квест-ойынында бақ сынады.
Бүгінгі жастарды құрғақ дәріспен таңғалдыру мүмкін емес, ал қызықты интерактивті формат арқылы маңызды өмірлік сабақ беру – ең тиімді тәсіл. Осы орайда Қаражал қаласында жастар арасында есірткінің зияны мен оның заңды салдарлары туралы түсіндіруге бағытталған “Сенің өмірің – сенің таңдауың” атты есірткіге қарсы маршруттық квест-ойын өтті.
Шытырманға толы іс-шараны полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары ұйымдастырды. Шараға қатысқан оқушылар мен студенттер жай ғана тыңдаушы болып қалмай, 10 түрлі бекеттен өтіп, өз білімдері мен шапшаңдықтарын сарапқа салды.
Қатысушылар әр бекетте өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап іздеп, нақты жағдайларды шешуді үйренді: есірткі құралдарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау және тарату үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік нормаларымен танысты.
Мессенджерлердегі курьер немесе “закладчик” болу туралы арбаулардың артында үлкен қауіп пен ұзақ жылдарға созылатын түрме жазасы тұрғаны нақты мысалдармен дәлелденді. Есірткінің ми мен психиканы қалай күйрететіні айтылып, “жеңіл есірткі зиянсыз” деген қауіпті мифтің тас-талқаны шықты. Көшедегі есірткі сайтының сілтемелері бар граффити мен QR-кодтарды байқағанда не істеу керектігі түсіндірілді.
Полиция департаменті ескертеді: көшеде немесе ғимаратта заңсыз жарнаманы көрсеңіз, бірден “102” нөміріне хабарлап, фотосы мен мекенжайын “102” мобильді қосымшасы арқылы жолдаңыз.
Квесттің ең құнды бөлігі – жастарды психологиялық тұрғыдан қорғануға үйрету болды. Тәртіп сақшылары мен мамандар қауіпті ұсыныстар түскенде қысылмай “жоқ” деп айтуды, қауіпті ортадан дереу кетуді және болған жағдайды жасырмай, ата-анаға немесе мектеп психологіне айтуды ұсынды.
Ойын соңында қатысушылар басты қағиданы ұғынды: есірткіден бас тарту – бұл жай ғана ереже емес, өз денсаулығыңды, еркіндігіңді және жарқын болашағыңды таңдау. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мұндай профилактикалық шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1278056?lang=ru

Жауап қалдыру