
Қазақстанда зейнетақы мөлшері бірнеше құрамдас бөлікті ескере отырып қалыптастырылады. Азаматтың зейнетақы алуға құқығына қарай зейнетақы төлемдері мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінен, ынтымақты зейнетақыдан және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерден тұруы мүмкін.
- Базалық зейнетақы төлемі
Оның мөлшері, ең алдымен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Бұл өтілге 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және осы күннен кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі есепке алынады.
2026 жылы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе өтілі болмаған жағдайда, базалық төлем мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ын, яғни 35 596 теңгені құрайды.
10 жылдан асатын әрбір толық жыл үшін төлем 2%-ға артады, бірақ оның мөлшері күнкөріс деңгейінің 118%-ынан аспайды. 2026 жылы базалық зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.
- Ынтымақты зейнетақы
Ынтымақты зейнетақы мөлшері:
* 1998 жылғы 1қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне;
* 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген қатарынан 3 жыл үшін есепке алынатын орташа айлық табысқа;
* 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілінің болуына байланысты.
Осылайша, расталған еңбек өтілі неғұрлым ұзақ және есепке алынатын табыс неғұрлым жоғары болса, заңнамада белгіленген шектер шегінде ынтымақты зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады.
- БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтың зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты.
Жинақтардың көлеміне зейнетақы жарналарының мөлшері мен тұрақтылығы, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығы әсер етеді.
Нені есте сақтау маңызды?
Бүгінгі тұрақты зейнетақы жарналары – болашақ зейнетақы жинақтарының негізі. Сондықтан ресми жұмысқа орналасу, нақты табыстың көрсетілуі және зейнетақы жарналарының уақтылы төленуі болашақ зейнетақымен қамсыздандыру үшін маңызды.
2026 жылы:
* ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге;
* күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге;
* базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге.
Әр азаматтың зейнетақысы еңбек өтілі, табысы және зейнетақы жинақтарының мөлшері ескеріле отырып жеке есептеледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-ulytau/press/news/details/1276604?lang=ru

Жауап қалдыру