Жергілікті бюджет қаражаты есебінен медициналық кадрларды даярлауға бағытталған гранттардың иегерлері анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында үміткерлерді конкурстық іріктеу нәтижелері қаралып, 2026–2027 оқу жылында бакалавриат және резидентура бағдарламалары бойынша білім алуға грант иегерлері бекітілді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында барлығы 50 грант бөлінді. Оның 10-ы – бакалавриат, 40-ы – резидентураға арналған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, бакалавриат бағдарламасы бойынша бөлінген 10 білім беру грантының бастапқыда бесеуі «Стоматология», бесеуі «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламаларына қарастырылған.

«Стоматология» бағдарламасы бойынша конкурс 2026 жылғы негізгі ҰБТ нәтижелері негізінде өткізілді. Ең төменгі шекті балл 70 балды құрады. Конкурстық балдар тең болған жағдайда оқу жетістіктері, «Алтын белгі» белгісінің, үздік аттестаттың болуы және үміткерлердің әлеуметтік жағдайы ескерілді.

«Медициналық-профилактикалық іс» бағдарламасы бойынша қысқартылған оқу нысанына қарастырылған 5 орынға 5 өтініш түсті. Ал «Стоматология» мамандығы бойынша бөлінген 5 орынға 35 өтініш келіп түскен.

Конкурстық комиссияның шешімімен конкурсқа қатысушылар тарапынан жоғары сұраныс болғанын және «Стоматология» мамандығы бойынша кадр тапшылығы бар екенін ескере отырып, аталған мамандыққа қосымша 2 орын бөлу туралы шешім қабылданды. Осылайша, «Стоматология» мамандығы бойынша орындардың жалпы саны 7-ге, ал «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша 5-ке жетті.

Гранттардың басым бөлігі резидентурада мамандар даярлауға бағытталды – барлығы 40 орын. Конкурс бірыңғай цифрлық платформа арқылы өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірінен 264 үміткер қатысты, оның ішінде 156-сы – Ақтөбе облысынан.

Конкурстық балл GPA көрсеткіші мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері негізінде қалыптастырылды. Балдар тең болған жағдайда дәрігерлік қызмет өтілі, ғылыми жетістіктер және басқа да көрсеткіштер қосымша ескерілді. Нәтижесінде резидентура бойынша бөлінген 40 орынның барлығы толықтай үлестіріліп, игерілді.

«Конкурсты өткізу барысында өңірдің кадрларға деген қажеттілігіне баса назар аударылды. Білім беру гранттары Ақтөбе облысының денсаулық сақтау жүйесіне қажетті мамандарды даярлау және оларды кейіннен өңірде тұрақтандыру мақсатында беріледі. Үшжақты шарттың талаптарына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім алып жатқан резиденттер оқуын аяқтағаннан кейін Ақтөбе облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл жұмыс істеуге міндеттеледі», – деп түсіндірді Ерлан Сұлтангереев.

Осылайша, гранттарды бөлу медициналық білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің денсаулық сақтау жүйесі үшін кадрлық резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді. Грант иегерлерінің білім алу барысы мен кейінгі жұмысқа орналасуына Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тиісті бақылау жүргізіледі.

«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру – ең алдымен, өңірдің кадрлық әлеуетіне салынған инвестиция. Біз үшін мамандарды даярлау ғана емес, олардың кейіннен облыстың медициналық ұйымдарында тұрақтап жұмыс істеуін қамтамасыз ету де маңызды. Сондықтан гранттарды бөлу кезінде денсаулық сақтау жүйесінің нақты қажеттілігін негізге алып, объективті әрі ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз ету қажет. Өңір қаражаты есебінен даярланған әрбір маман алдағы уақытта Ақтөбе облысының тұрғындарына қызмет етуі тиіс», – деді Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1278269?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді