Егіз ұлдарын әскерге шығарып салған ана олардың таңдауын мақтан тұтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шолпан Тілеубаева үшін биыл ұлдарын әскерге шығарып салу екі есе толқынысқа толы болды. Егіздері Айбол мен Нұрбол мектеп бітірген соң бірден жоғары оқу орнына түсуге асықпай, алдымен Отан алдындағы борышын өтеуді жөн көрген екен. Олар әскери тәжірибе жинап, мамандық меңгеріп, кейін білім гранттарының мүмкіндігін пайдаланып, оқуын жалғастыруды жоспарлаған.
Қазір ағайынды егіздер Гвардейск гарнизонындағы 30212 әскери бөлімінің кіші мамандарды даярлау орталығында дайындықтан өтіп жатыр. Олар бұл жерден жүк көліктерінің жүргізушісі мамандығын меңгереп шығады.
Егіздер болашақ жоспарын да бірге құрып отыр. Әскерден кейін жоғары білім алуды көздейді. Ал әзірге әскери қызметтің өздеріне көп нәрсе үйретіп жатқанын айтады.
– Алғашында оңай болған жоқ. Жаңа күн тәртібіне, тәртіп пен жауапкершілікке үйрену керек. Қазір бұл тәжірибенің әскерден кейін де пайдасы тиетінін жақсы түсіндік. Алда әлі бірнеше ай қызмет бар. Одан кейін оқуымызды жалғастырғымыз келеді. Жоспарымыз көп, ал әскери қызмет – сол мақсатқа жету жолындағы бір кезең, – дейді Айбол мен Нұрбол Ұлдахан.
Мерзімді әскери қызмет барысында егіздер азаматтық өмірде де қажет болуы мүмкін мамандықты меңгеріп жатыр. Оқу орталығында әскери қызметшілерге армияда да, азаматтық салада да сұранысқа ие қос мақсатты мамандықтар оқытылады.
Мұнда жүк көліктері мен арнайы техниканың жүргізушілері, көп мақсатты тартқыштар мен жер қазу машиналарының механик-жүргізушілері, әскери аспаздар, саперлер, сондай-ақ танк пен жаяу әскер жауынгерлік машиналары экипаждарына арналған мамандар даярланады.
Айбол мен Нұрбол КамАЗ және «Орал» маркалы әскери жүк көліктерін басқаруды үйреніп жүр. Қызметтен кейін бұл дайындық олар үшін жақсы кәсіби негіз болмақ. Себебі жүк көлігінің жүргізушілеріне логистика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық және көлік салаларында сұраныс жоғары.
Алайда егіздердің анасы үшін олардың алған мамандығынан бұрын, әскери қызмет кезінде азамат ретінде қалыптасуы маңызды. Ұлдарымен кездескенде Шолпан Тілеубаева олардың бойындағы өзгерісті бірден байқаған.

– Ұлдарымды көргенде олардың қаншалықты есейгенін бірден сезіндім. Екеуі де жинақы, салмақты, өзіне сенімді болыпты. Әрине, екі ұлымды бірдей әскерге шығарып салу оңай болған жоқ, әрқайсысы үшін алаңдадым. Ал қазір оларға қарап, әскери қызметтің пайдасы тигенін түсінемін. Ана үшін балаларының есейіп, азамат болып қалыптасқанын көру – ерекше қуаныш, – дейді Шолпан Тілеубаева.

Анасының айтуынша, ұлдарының алға қойған жоспары көп. Олар әскери қызметін абыроймен аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, білім алып, болашақ мамандығын таңдауды көздейді.

– Бүгінде оларға беріліп отырған барлық мүмкіндікті дұрыс пайдаланса екен. Алдымен Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, кейін білім алып, өмірден өз орнын тапса екен. Ең бастысы – осы өзара татулығын сақтап, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп, жақсы азамат болып қалыптасса екен деймін. Мен оларды мақтан тұтамын, – дейді егіздердің анасы.

Оқу орталығындағы дайындықты аяқтаған соң Айбол мен Нұрбол меңгерген мамандығын растайтын сертификат алады. Одан кейін олар әскери бөлімге жіберіліп, мерзімді әскери қызметін жалғастырады.

Ал оқу орталығында алған білімі мен тәжірибесі егіздердің әскери қызметімен бірге аяқталмайды. Бұл дағдылар оларды азаматтық өмірде де жаңа мүмкіндіктерге бастайтын кәсіби негіз болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1278358?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді