
Қазақстан ТЖМ өз қызметіне заманауи технологияларды кең ауқымда енгізуді жалғастыруда. Цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді қолдану болып отыр.
Қазіргі таңда ТЖМ бөлімшелерінің қарамағында 241 ұшқышсыз ұшу аппараты бар, оның 185-і жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. 2025 жылдан бастап 2026 жылдың басынан бері ТЖМ бөлімшелері ұшқызсыз ұшу аппараттарын қолдану арқылы 5 мыңнан астам операция жүргізіп, оның барысында 63 адам құтқарылды.
ТЖМ оператордың тікелей қатысуынсыз автономды режимде ұша алатын дрондарды қолдану аясын да кеңейтуде. Қазіргі таңда елді мекендерде, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында және Балқаш көлінде орналасқан 70 осындай аппарат пайдаланылуда. Олардан келіп түсетін бейнеақпарат 24/7 режимінде ТЖМ бөлімшелерінің жедел басқару орталықтарына жіберіліп, жағдайды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
ҰҰА жағдайды әуеден бақылау үшін қолданылады. Бұл оқиға ауқымын жедел бағалауға және құтқару бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді. Кейбір аппараттар дауыс зорайтқыштармен жабдықталған және халықты жедел құлақтандыру үшін пайдаланылады. Жасанды интеллект технологияларын оптикалық және телевизиялық жабдықтармен үйлестіре қолдану құтқарушылардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ дрондар іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта жер бедерінің картасын тікелей жасауға мүмкіндік береді.
Заманауи технологиялар әсіресе биылғы шомылу маусымында тиімді қолданылуда. Ұшқышсыз аппараттар су айдындарындағы бақылау аумағын, соның ішінде кешкі және түнгі уақытта айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Олар ықтимал қауіпті жерлерде жүрген адамдарды дер кезінде анықтап, оқиғалардың алдын алу үшін жедел шаралар қабылдауға жағдай жасайды.
Елдің су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті рейдтік және патрульдік іс-шараларға 81 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Оның 33 аппараты жылу бейнелеу арқылы бақылау және қараңғы уақытта тиімді мониторинг жүргізу мүмкіндігін қоса алғанда, кеңейтілген функционалдық мүмкіндіктерге ие.
Пайдаланылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары жоғары ажыратымдылықтағы камералармен, жылу бейнелеу камераларымен және түнгі бақылау құралдарымен жабдықталған. Бұл қараңғы уақытта да суда жүрген адамдарды анықтауға, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының өзге де бұзушылықтарын, соның ішінде азаматтардың шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде жүргенін тіркеуге мүмкіндік береді.
Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері ҰҰА қолданылған кешкі және түнгі рейдтер барысында суға шомылған 150 адам анықталды. Мониторинг кезінде алынған ақпарат жедел шаралар қабылдау үшін пайдаланылады. Тыйым салынған уақытта немесе ықтимал қауіпті жерде суда жүрген адамдар анықталған жағдайда, оқиға орнына дереу құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жіберіледі.
Ұшқышсыз технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу ТЖМ-ге мониторинг тиімділігін арттыруға, ден қою уақытын қысқартуға және алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді. Заманауи технологиялар төтенше жағдайлардың алдын алуда және адам өмірін сақтауда маңызды құралға айналып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1278345?lang=ru

Жауап қалдыру