СҚО-да «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автожолының қайта жаңартылған 30 шақырымы ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 22 тамызда республикалық маңызы бар «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автомобиль жолының қайта жаңартылған 30 шақырымдық учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды.

Қайта жаңарту жұмыстары жолдың 465–496 шақырымдары аралығында жүргізілді. II техникалық санаттағы бұл жол Солтүстік Қазақстан облысының маңызды көлік бағыттарының бірі саналады. Ол өңірдегі қатынасты қамтамасыз етумен қатар, халықаралық транзиттік тасымалда маңызды рөл атқарады.

Аталған автожол Қазақстан мен Ресей Федерациясын байланыстыратын маңызды транзиттік бағыттардың бірі. Ол екі елдің өнеркәсіптік орталықтары арасындағы жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді. Мұндай жолдарды дамыту шекаралас өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, логистиканың тиімділігін арттыруға және сауда қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жолды ауқымды жаңғырту қажеттілігі көлік қозғалысының айтарлықтай артуымен де байланысты. 2015 жылы бұл учаскедегі орташа тәуліктік қозғалыс қарқындылығы 2 793 автокөлікті құраса, бүгінде тәулігіне орта есеппен 5 034 көлік өтеді. Яғни көлік ағыны 80%-дан астам өскен.

Жоба аясында көпқабатты жаңа жол төсемін салу бойынша кешенді жұмыстар орындалды. Жол жабынының үстіңгі қабаты қалыңдығы 5 см қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетоннан, төменгі қабаты 10 см ірі түйіршікті асфальтбетоннан төселді.

Негіздің үстіңгі қабаты қалыңдығы 13 см жоғары кеуекті ірі түйіршікті асфальтбетоннан, төменгі қабаты 16 см құм-қиыршықтас қоспасынан салынды. Сондай-ақ қалыңдығы 20 см қиыршықтасты топырақтан төсеніш қабаты және 50 см ірі кесекті топырақтан үйіндінің жоғарғы қабаты салынды.

Нысанда орындалған жер жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 986 мың текше метрді құрады.

Қайта жаңарту барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Учаскеде 10 965 бойлық метр қоршау, 266 жол белгісі және 1 366 сигналдық бағана орнатылды. Жолға ұзақ мерзімге төзімді термопластик таңбалар салынды.

Суды тиімді бұру үшін 31 су өткізу құбыры салынды. Оның 16-сы негізгі жолда, тағы 15-і жолға қосылатын учаскелерде орналасқан. Сонымен қатар екі жаңа автопавильон орнатылды.

Жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи демалыс алаңы да салынды. Мұнда санитарлық-гигиеналық торап пен төрт отырғыш қарастырылған. Сыртқы жарықтандыру үшін 48 жарық бағанасы орнатылды.

Жобаны іске асыруға 138 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 153 маман жұмылдырылды. Асфальтбетон қоспасын өндіру қуаттылығы сағатына 160 тонна болатын асфальтбетон зауытымен қамтамасыз етілді.

Жаңартылған учаскеде қозғалыстың ашылуы жол қауіпсіздігі мен қозғалыс жайлылығын арттыруға, өткізу қабілетін жақсартуға және артып келе жатқан көлік ағыны үшін сенімді жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1278398?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді