
Еңбек ету құқығы барлық азаматтарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте мемлекет олардың денсаулығын сақтауға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және толыққанды жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруге бағытталған қосымша кепілдіктер белгілейді.
Мүгедектігі бар қызметкердің еңбек жағдайлары оның жеке мүмкіндіктері мен медициналық ұсынымдарын ескеруі тиіс. Мұндай қызметкермен еңбек шарты жасалған кезде жұмыс орнын жабдықтау оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес айқындалады. Жұмыс беруші сондай-ақ оңалтудың және абилитациялаудың жеке бағдарламасына сәйкес тиісті еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Жұмыс орнының қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Мүгедектігі бар адамдар үшін олардың жеке мүмкіндіктері ескеріліп, арнайы жұмыс орындары құрылуы мүмкін. Мұндай жұмыс орны қызметкерге өзінің еңбек міндеттерін қауіпсіз әрі толық орындауға мүмкіндік беруі тиіс.
Заңнамада мүгедектігі бар қызметкерлер үшін бірқатар арнайы кепілдіктер қарастырылған. I және II топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді — аптасына 36 сағаттан аспайды. Олар үстеме жұмысқа тартылмайды. Мүгедектігі бар қызметкерді түнгі жұмысқа тартуға оның жазбаша келісімі болған және мұндай жұмысқа денсаулық жағдайына байланысты медициналық қорытындыға сәйкес тыйым салынбаған жағдайда ғана жол беріледі.
Сонымен қатар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде алты күнтізбелік күн болатын қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі. Мүгедектігі бар қызметкерді іссапарға жіберуге, егер мұндай жұмысқа медициналық көрсетілімдер бойынша тыйым салынбаған жағдайда, жол беріледі. Бұл ретте қызметкердің іссапарға барудан бас тартуға құқығы бар.
Жұмыс беруші мүгедектіктің өзі жұмысқа қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайтынын есте ұстауы қажет. Негізгі өлшемдер — қызметкердің кәсіби дағдылары, біліктілігі және медициналық ұсынымдарды ескере отырып, тиісті жұмысты орындау мүмкіндігі.
Осылайша, мүгедектігі бар адамдардың еңбегін қорғау – қауіпсіздік талаптарын сақтаумен ғана шектелмейді. Бұл олардың еңбек ету құқығын жүзеге асыруы үшін тең және лайықты жағдайлар жасауды да қамтиды. Жұмыс берушінің әрбір қызметкердің қажеттілігіне жауапкершілікпен қарауы заң талаптарының бұзылуына жол бермеуге ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз, қолайлы және өзара құрметке негізделген еңбек ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1278477?lang=ru

Жауап қалдыру