
«Жасөспірімдеріміздің дзюдодан әлем чемпионатындағы нәтижесі – шын мәнінде тарихи жетістік. 18 жасқа дейінгі спортшыларымыз 10 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 3 күміс және 4 қола. Қазақстан бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. Сонымен қатар, ұлдар құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынға, қыздар құрамасы екінші орынға ие болды. Фатима Супығалиева жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық дзюдошы қыз болды.
Алайда біз үшін бұдан да маңыздысы – бұл нәтиже ұлттық құрамаларды даярлауға енгізіліп жатқан жаңа тәсілдің тиімділігін көрсетеді.
Париж Олимпиадасынан кейін біз спортшыларды даярлау жүйесінің өзін қайта қарауға кірістік. Федерациялармен бірлесіп, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама бірыңғай әдістеме аясында жұмыс істейтін модельді енгізіп жатырмыз. Яғни спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде, дайындықты мүлде басқа жүйе бойынша қайта бастамайды. Мұнда сабақтастық, бірыңғай талаптар, талдау және спортшының дамуының нақты траекториясы қалыптасқан.
Дзюдода бұл жұмыс Қазақстан дзюдо федерациясымен және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Отандық жаттықтырушылар шетелдік озық мамандармен, оның ішінде Эцио Гамба командасымен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл жерде әңгіме тек танымал шетелдік жаттықтырушыны шақыру туралы емес. Оның негізінде нақты әдістеме жатыр: жаттығу процесін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жекелей бейімдеу, қалпына келтіру, спорттық медицина және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылау.
Қазіргі кезде біз бұл жұмыстың нақты KPI көрсеткішін көріп отырмыз – жасөспірімдеріміздің әлем чемпионатындағы тарихи нәтижесі осының айқын дәлелі.
Дәл осындай модельді бүгінде Министрлік басқа федерацияларға да жүйелі түрде енгізуді ұсынып отыр. Соның бірі – семсерлесу, бокс және күрес. Бұл спорт түрлерінде де үздік шетелдік мамандарды тарта отырып, заманауи дайындық әдістемелерін қолдануға негізделген жүйелі жұмыс жолға қойылып жатыр.
Тағы бір маңызды бағыт – спорт ғылымын күшейту. Бұл ретте Ұлттық спорт университеті маңызды рөл атқаруы тиіс. Біздің міндетіміз – спорт ғылымының жоғары жетістіктер спортына қатысы жоқ жеке бағыт болып қалмауын, керісінше ұлттық құрамалар үшін тікелей жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Атап айтқанда, бұл – тестілеу, талдау, медицина, қалпына келтіру, тамақтану, биомеханика және спортшыларды даярлаудың жеке бағдарламалары.
Ауқымды жұмысты біз ұлттық федерациялармен және халықаралық спорт ұйымдарымен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы спортты дамытуға және заманауи дайындық жүйесін қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп келеді. Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясымен де ынтымақтастығын нығайтып отыр. Осы бағытта федерация президенті Мариус Визер елімізге арнайы келген болатын.
Бүгінгі негізгі ұстанымымыз қарапайым: заманауи спорттағы нәтиже тек жекелеген спортшының немесе жаттықтырушының талантына ғана тәуелді болмауы керек. Нәтиженің артында жүйе тұруы қажет.
Бүгінде дзюдо осы модельдің жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Ендігі міндетіміз – табысты тәжірибені спорттың басқа түрлеріне де енгізу және осылайша спорт резерві мен ұлттық құрамаларды даярлаудың бүкіл жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру.
Біз біртұтас вертикальды жүйені қалыптастырғымыз келеді: жасөспірімдер – жастар- ұлттық құрама – Олимпиада. Әр кезеңде бірыңғай әдістеме, озық халықаралық тәжірибемен ұштасқан мықты отандық жаттықтырушылар мектебі және ғылыми сүйемелдеу болуы керек.
Жасөспірімдеріміздің 10 медалі – бұл тек тарихи нәтиже емес. Біз үшін бұл жаңа тәсілдердің нақты нәтиже бере бастағанының дәлелі. Дәл осы бағытта біз Қазақстан спортын қайта құрып жатырмыз».
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов
https://www.instagram.com/yerbol_myrzabossynov/
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1278626?lang=ru

Жауап қалдыру