
Алматыда қаладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған дағдарыс орталығы ашылды. Жаңа кеңістік Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-дің жаңартылған №1 Студенттер үйінің базасында бір ай бойы жұмыс істейді және қиын өмірлік жағдайға тап болған жастардың уақытша тұруына әрі кешенді қолдау алуына мүмкіндік береді.
Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда тек ALT University студенттеріне ғана емес, Алматыдағы кез келген жоғары оқу орнының студенттеріне көмек көрсетіледі. Түрлі өмірлік жағдайларға байланысты уақытша баспанасыз қалған немесе әлеуметтік, психологиялық және консультациялық қолдауды қажет ететін студенттер орталыққа жүгіне алады. Осы мақсатта Студенттер үйінен 50 орын бөлінді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің айтуынша, дағдарыс орталығының ашылуы студент жастарды қолдаудың қолданыстағы жүйесін кеңейтіп, жастардың тек тұрмыстық емес, әлеуметтік мәселелеріне де жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
«Алматы – еліміздегі ең ірі студенттік орталық. Сондықтан білім алу үшін қалаға келген әрбір жас қиын жағдайға тап болған кезде жалғыз қалмайтынын сезінуі біз үшін аса маңызды. Студенттер уақытша баспанасыз қалудан бастап, психологиялық немесе әлеуметтік көмек қажет ететін түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Дағдарыс орталығы қай жоғары оқу орнында білім алатынына қарамастан, әрбір студент қолдау сұрап жүгіне алатын орынға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – тек уақытша баспана беру емес, жас адамға қиын кезеңнен өтіп, қалыпты оқуына және өміріне қайта оралуына көмектесу», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев.
Орталық Мауленов көшесі, 108А мекенжайында орналасқан және күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Жатақхананың жалпы сыйымдылығы 487 орын, ал ғимараттың жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден астам.
Қайта жаңғыртудан кейін мұнда заманауи студенттік орта қалыптастырылды. Жатын бөлмелер, асүйлер мен тұрмыстық бөлмелер, өздігінен дайындалуға арналған кеңістіктер, демалыс бөлмелері, кір жуатын орын, спорттық аймақ және жаттығу залы жабдықталған.
Дағдарыс орталығына жүгінген студенттер үшін оқу және тұрмыстық аймақтары бар жеке тұрғын бөлмелер, асүй модульдері, санитарлық-гигиеналық бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ олар спорт залы мен медициналық пунктті пайдалана алады. Қажет болған жағдайда медициналық пунктте алғашқы көмек көрсетіледі. Орталықта тұру кезеңінде жастар психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау ала алады. Әрбір өтініштің құпиялылығын сақтау және студенттің жағдайына жеке көзқарас таныту орталық жұмысының маңызды қағидаты болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайханның айтуынша, мұндай жобалар студенттік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ғана емес, білім алушыларды қолдаудың толыққанды жүйесін қалыптастыру үшін де маңызды.
«Заманауи білім беру ортасы – тек аудиториялар, білім беру бағдарламалары мен оқыту сапасы ғана емес. Студенттің қандай жағдайда тұратыны және қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде қайда жүгіне алатынын білуі де маңызды. Әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттеріне ашық дағдарыс орталығын құру – осындай қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Мұнда жас адам уақытша баспанаға орналасып, консультациялық, әлеуметтік және психологиялық көмек ала алады. Ең бастысы – білімін алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік алады», – деді Акерке Абылайхан.
Қалалық дағдарыс орталығын құру Алматыдағы қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге жедел көмек көрсетудің қосымша тетігін қалыптастыруға бағытталған. Жоба бірден бірнеше бағытты – уақытша баспанамен қамтамасыз етуді, әлеуметтік бейімделуді, психологиялық қолдауды және қауіпсіз әрі жайлы жағдайда оқуын жалғастыру мүмкіндігін біріктіреді.
Дағдарыс орталығының байланыс телефондары:
+7 700 255 14 43
+7 700 950 95 28
+7 727 237 01 70

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/jasalmaty/press/news/details/1279243?lang=ru

Жауап қалдыру