
Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде ресейлік парламентшілердің, дипломаттардың және саясаттанушылардың қатысуымен ҚР Құрылтайы сайлауының қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жиналғандарды Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс берудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. Ол «Әділет» партиясының жеңісі халықтың саяси бағытты қолдауының және Президент Қ.Тоқаевқа, оның мемлекеттілікті нығайту жөніндегі өзгерістеріне сенім білдіруінің дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау қазіргі Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңді ашып, мемлекеттің жаңартылған конституциялық моделіне көшуді білдіреді. Елші мемлекеттік институттар жүйесіне «Құрылтай» ұғымының қайта оралуы қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрін өкілдік демократияның қазіргі моделімен байланыстыратынын баса айтты.
Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Денисов өткен сайлауды «үлгілі» деп атап, сайлау учаскелеріне әлеуметтік белсенді халықтың төрттен үш бөлігі келгенін атап өтті. «70 пайыздан аса қатысу көрсеткіші қоғамның әлеуметтік жетілуінің және ішкі саяси процестердің басқарылуының ең жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді», – деді сенатор. Қытай философиясы тұрғысынан ол сайлаудың аяқталуы – бұл мәре емес, керісінше, дамудың жаңа кезеңінің басталуына көшу екенін атап өтті. Сондай-ақ, А.Денисов Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастық тетігінің сабақтастығы мен сақталуына сенім білдірді.
Оны Мемлекеттік Думадағы «Единая Россия» партиясы фракциясы басшысының орынбасары Виктор Селиверстов қолдады. Ол Қазақстандағы реформалардың жоғары сапасын атап өтті. «Соңғы 50 жылда ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асырылды», – деп атап өтті депутат.
Ресей СІМ ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерникке сайлау науқаны барысында байқалған саяси мәдениеттің жоғары деңгейі зор әсер қалдырған. «Барлық партиялардың бәсекелестігі өркениетті пікірталас аясында жүргізілді, біз бұны өз бақылаушыларымыз арқылы біліп отырмыз, сондай-ақ достас миссиялардың қорытындылары да осыны көрсетеді», – деп атап өтті дипломат. Ол қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген науқанның екі тілді сипатын да маңызды сәт деп атады. Сондай-ақ, Ресей СІМ өкілі Президент Қ.Тоқаевтың сыртқы саясат тұжырымдамасына енгізген өзгерістеріне назар аударды.
РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары Сергей Афонцевтің пікірінше, сайлау нәтижелері соңғы жылдары қабылданған институционалдық шешімдердің дұрыстығын, сонымен қатар тұрақтылықты, айқындықты, ұлттық мүдделерді таңдаған Қазақстан халқының даналығын көрсетеді. Ол сондай-ақ, жаңа парламенттің «Құрылтай» деп аталуы тарихи сабақтастықты, бүгін ғана пайда болмай, ғасырлар бойы ел дамуының негізінде жатқан терең тарихи мүдделер мен дәстүрлердің өмірге дәйекті түрде енгізілуін бейнелейтінін атап өтті.
«Петербург саясаты» («Петербургская политика») қорының президенті Михаил Виноградов сайлау барысында Қазақстанның екі міндетті шеше алғанын еске салды: дауыс беруді заңдылықтың жеткіліксіздігі туралы сыртқы сын-қатер толқынын тудырмай өткізу және соңғы жылдары құрылып жатқан саяси құрылымды нығайту. Сарапшы сайлау процесінің оң жақтары ретінде парасатты консерватизм жағдайындағы динамика сезімін және ұрпақтар алмасуын, жасаруды атады, өйткені ротацияның болмауы әлеуметтік және саяси тәуекелдерді арттырады.
Саясаттанушы, «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев атап өткендей, Президент Қ.Тоқаев тұрақтылық пен дамуды қалай үйлестіруге болатынын біледі, жүргізілген саяси реформа осының дәлелі. «Қазақстанның сайлау жүйесі мен партиялық-саяси жүйесі ұлттық ерекшелікті, қоғам мен биліктің сұранысын, болашаққа деген ұмтылысты және прогреске деген талпынысты көрсетеді. Барша азаматтардың игілігі үшін жаңа реформалардың бастау нүктесіне айналатын бұл сайлаудың заңдылығына ешкім күмән келтіре алмайды», – деп түйіндеді сарапшы.
«Минченко консалтинг» талдау департаментінің басшысы Кирилл Петров Қазақстандағы президенттік республика бүкіл қоғам үшін инклюзивті үлгі ретінде жақсы жұмыс істейтініне назар аударды: бір жағынан, Президент жеделдетілген режимде кезектен тыс сайлау өткізіп, «Әділет» партиясын қолдаса, екінші жағынан, басқа партияларға да өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Сарапшы бұл – үйлестіруші тәсілдің айқын көрінісі екеінін атап өтті.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оған қатысушылар қазақстандықтарды сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, Мемлекет басшысының беделі мен қазақстандық қоғамның саяси жетілу деңгейін атап өтті. Шараға қатысушылардың айтуынша, халықтық сенім мандаты жаңа бірпалаталы парламент – Құрылтайға ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Олардың негізгі мақсаттары – елді одан әрі демократияландыру, азаматтардың, бизнестің, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне және ел ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген экономика құру, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың тұрмыс деңгейін арттыру болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-moscow/press/news/details/1279279?lang=ru

Жауап қалдыру