
16-23 тамыз аралығында Братислава қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрестен әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзінің үздік жас балуандары бас қосқан дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 4 медаль жеңіп алып, ел намысын лайықты қорғады.
Ұлттық құрама сапынан грек-рим күресінің балуаны Қазыбек Қалмағамбетов топ жарды. Ол 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Еркін күрестен сынға түскен қазақстандық спортшылар да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бекасыл Асамбек 61 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленсе, Нұрасыл Асамбек пен Нұрдәулет Сейілбеков 57 және 74 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде қола медаль жеңіп алды.
Братиславада әлем чемпионатының өтуі маңызды спорттық оқиға болумен қатар, Қазақстан мен Словакия арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді. Словакияға Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовтың сапары аясында Словакияның Күрес федерациясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Елшілік Қазақстан спортшыларын U20 әлем чемпионатындағы сәтті өнерлерімен құттықтап, халықаралық аренада жаңа жеңістер мен жарқын жетістіктер тілейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1279295?lang=ru

Жауап қалдыру