
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енеді. Көрсетілген күннен кейін өндірілген немесе Қазақстан аумағына әкелінген барлық өнім Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс.
ББҚ-ның міндетті қадағалану жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. Осы күннен бастап өнім айналымы толық электрондық құжат айналымымен сүйемелденіп, тауар нарыққа қатысушылардың арасында берілген кезде әрбір операция расталуы тиіс.
Цифрлық таңбалау шеңберінде өнімнің әрбір бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Код қаптамаға түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Бұл өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекет бұл шара ББҚ-ның нарықтағы айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал бизнесті жосықсыз бәсекеден қорғауға және заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді деп күтеді. Таңбалаумен нарықтың жеткілікті бөлігі қамтылғаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алатын ББҚ-ның заңдылығын өз бетінше тексере алады.
Нарыққа қатысушылар не істеуі қажет?
ББҚ айналымы саласында жұмыс істейтін компанияларға:
1. Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚЦЖ) tanba.markirovka.kz порталында тіркелу.
2. Тауар карточкаларын жүйеде алдын ала тіркеуді бастау.
Назар аударамыз: тіркелген тауар карточкалары жаңартудан өтеді, оған белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты нарыққа қатысушыларға тіркеуді кейінге қалдырмау ұсынылады. Бұл талап күшіне енгенге дейін жаңарту рәсімін аяқтап, таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді.
Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген, таңбаланбаған ББҚ қалдықтарын айналымға қатысушылар белгіленген тізбеге сәйкес олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізе алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-kyzylbalyk/press/news/details/1279053?lang=ru

Жауап қалдыру