
Қазақстанда жинақтаушы сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту ұсынылады. Бұл бастама «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында бар. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.
Зейнетақы аннуитеті – бұл сақтандыру ұйымы адамға ұзақ өмір сүру қаупін қабылдай отырып және белгіленген мерзімге немесе өмір бойы төлемдерді қамтамасыз ете отырып, жинақтары арқылы тұрақты зейнетақы кірісін төлейтін сақтандыру шарты.
Бүгінгі таңда азаматтарға өмірлік сақтандыру төлемдерін алуды қамтамасыз ететін шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеттері қолжетімді. Болашақта азаматтарға зейнетақы шешімдерінің көп түрін – кепілдендірілген төлемдері бар стандартты өнімдерден бастап инвестициялық құрамы бар өнімдерге дейін ұсыну жоспарлануда.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 2021 жылмен салыстырғанда қолданыстағы зейнетақы аннуитеті шарттарының саны 2,5 есеге, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 3,5 есеге жуық өсті. Мұндай елеулі өсім кейінге қалдырылған және бірлескен зейнетақы аннуитеттерін енгізуге байланысты болды.
2026 жылдың басында қолданыстағы жалпы саны 164 294 зейнетақы аннуитеті шартының сақтандыру сыйлықақысының сомасы 1 168 млрд теңгені құрады, оның ішінде 429,4 млрд теңге сомасына 53 826 кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шарты, 5,6 млрд теңге сомасына 275 бірлескен зейнетақы аннуитеті шарты.
Негізгі өнім кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті болып қала береді. Ол төлемдерді өмір бойы қамтамасыз етеді, ал адамның күтілетін мерзімнен ұзағырақ өмір сүру және зейнетақы төлеу үшін көбірек қаражат қажет болу қаупін сақтандыру ұйымы өз мойнына алады. Қолданыстағы өнім зейнетақы төлемдерін ұлғайтудың (индекстеудің) түрлі нұсқалары есебінен икемді болады.
Инвестициялық-байланысты аннуитет (unit-linked) пайда болады. Бұл зейнетақы қорғанысын инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтиже таңдалған инвестициялық портфельдің немесе нарықтық индекстің кірісіне байланысты болады. Болашақта жинақтар өмір бойы төленетін кепілдендірілген зейнетақы аннуитетіне аударылуы мүмкін.
Тағы бір нұсқа гибридті аннуитет болады. Онда қаражат бірден екі бөлікке бөлінеді: біреуі өмір бойы кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етеді, ал екіншісі қосымша табыс алу үшін инвестицияланады. Осылайша, азамат бір мезгілде кепілдендірілген зейнетақы алып, инвестициялық табысқа қатыса алады.
Таңдауды жеңілдету үшін зейнетақыны жоспарлаудың бірыңғай цифрлық сервисін құру жоспарлануда. Оның көмегімен азаматтар зейнетақы өнімдерін салыстырып, болашақ төлемдердің ықтимал мөлшерін есептей алады, қолайлы нұсқаны таңдап, дербес зейнетақы жоспарын ала алады.
Мұндай жүйе зейнетақы өнімдерін неғұрлым түсінікті және қолжетімді етуге, азаматтардың қосымша зейнетақы кірісін қалыптастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлауға тартылуын арттыруға мүмкіндік береді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1278991?lang=ru

Жауап қалдыру