
Сайрам ауданындағы №580 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының 100 жастағы ардагері Ахмеджан Анартаев Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Ғасыр жасаған ардагердің ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі буынға өнеге боларлық тағылымды сәтке айналды.
“Ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай – қоғамдық-саяси өмірдегі маңызды оқиғалардың бірі. Құрылтайға қатысу және өз таңдауын жасау – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі ел болашағына қосқан үлес. Бірлігіміз бен белсенділігіміз арқылы ортақ мақсаттарға қол жеткізіп, болашаққа нық қадам жасай аламыз”, – деді ардагер.
1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген майдангер ақсақал – тылда да, майданда да шыңдалған тұлға. Әскерге шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында маңдай терін төгіп, 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. 64-атқыштар полкінің құрамында қатардағы жауынгер ретінде Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германиядағы шешуші ұрыстарға қатысқан. Жеңісті жақындатқан ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және 8 мерейтойлық медальмен марапатталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1278762?lang=ru

Жауап қалдыру