
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның отырысында депутаттар Ақмола облысының білім басқармасының басшысы орынбасарының 2023–2029 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың тұжырымдамасын іске асырудың негізгі басым бағыттары туралы ақпаратын тыңдады.
Ведомствоның мәліметінше, 36 мыңнан астам бала қамтылған өңірде 593 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Целиноград ауданының Қараөткел ауылында, сондай-ақ Қосшы және Көкшетау қалаларында жалпы сыйымдылығы 840 орындық үш балабақша салынуда.
Облыстың 522 мектебінде 141 мыңнан астам оқушы білім алмақшы. Білім беруді цифрландыру, олимпиадалық қозғалыс және білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағыттарында оң нәтижелер атап өтілді. Реновациялау жобасы аясында жалпы құны 5,6 млрд теңгеге 10 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар мектеп автобустары мен заманауи пәндік кабинеттер сатып алынуда.
Инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тіркелген. Мектептерде инклюзияны қолдаудың 128 кабинеті жұмыс істейді, ағымдағы жылы тағы 30 кабинет ашылмақ. Көкшетау қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы да жұмыс істейді.
Жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларды әлеуметтік қолдауға 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыстың барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған, осы мақсатқа 7,8 млрд теңге қарастырылған.
Колледждерде кадрлар даярлау 99 мамандық бойынша жүзеге асырылады. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97%-ды құрды. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттердің 38%-ы дуальды оқыту жүйесімен қамтылған.
Талқылау барысында облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов мектепке дейінгі инфрақұрылымды дамыту, ваучерлік қаржыландыруды енгізу, мектептерге күрделі жөндеу жүргізу және инклюзияны қолдау кабинеттерін бөлу мәселелерін көтерді.
Депутат Алтын Мұстафинова мектеп асханаларының жағдайына және әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге назар аударды. Сонымен қатар бірқатар мектептің түрлі себептерге байланысты тиісті санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алмағандары атап өтілді.
Комиссия төрағасы Саят Сыздықов мектеп оқулықтарын жеткізу мерзімдері мен сапасына, сондай-ақ Шортанды ауданының мектептерін реновациялау жобасына енгізу перспективаларына қатысты сұрақ қойды.
Депутаттарды тағы бір алаңдаушылық туғызған мәселе – білім беру нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау. Екі ауданда блокты-модульдік қазандықтарды орнатуға қатысты конкурстық рәсімдер аяқталмаған екен, бұл әлеуметтік нысандарда жылыту маусымының уақтылы басталмау қаупін туындатады.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауды, білім беру нысандарының жылыту маусымына уақтылы әрі сапалы дайындалуын қамтамасыз етуді, оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды, оқулықтарды уақытылы жеткізуді және білім беру нысандарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ санитариялық нормалардың сақталуына бақылауды күшейтуді ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1279780?lang=ru

Жауап қалдыру