
Көкшетауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме өтті. Оған Ақмола облысының әр ауданынан 50-ден астам өндіруші қатысты. Бір алаңда отбасылық кәсіп иелері, қолөнершілер, шеберлер мен тәжірибелі кәсіпкерлер бас қосып, өз еңбегінің нәтижесін және кәсібінің даму тарихын таныстырды.
Көрмеде Астрахан, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Егіндікөл, Қорғалжын, Сандықтау және Целиноград аудандарының, сондай-ақ Қосшы, Степногорск және Көкшетау қалаларының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды.
Көрмеге алғаш рет қатысқан кәсіпкерлердің бірі – көкшетаулық Райхангүл Байбусинова. Ол жұбайымен бірге екінші жыл жылқы, қой, тауық және сиыр етінен ысталған ет өнімдерін өндірумен айналысады.
Отбасылық кәсіптің негізін мал өсіретін жеке шағын қожалығы құрайды. Бұл кәсіпкерлерге шикізаттың сапасын бақылап, өнімді мал өсіруден бастап дайын ет өнімдерін әзірлеуге дейінгі барлық кезеңді өздері жүргізуге мүмкіндік береді. Отбасылық кәсіптің өнімдерін демалыс күндері жергілікті базарлардың бірінен сатып алуға, сондай-ақ онлайн тапсырыс беруге болады.
Райхангүл Байбусинованың айтуынша, көрмеге қатысу оған өнімдерін кең аудиторияға таныстырып, брендтің танымалдығын арттыруға және алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Көрмеде өз өнімдерін алғаш рет ұсынғандардың қатарында Bryuliki.anasteushin брендінің негізін қалаушы Анастасия Гайдаренко да бар. Кәсіпкер табиғи тастардан қолөнер бұйымдарын жасайды. Сонымен қатар шығармашылығында қайта өңделген материалдарды – көмір, пластик, шыны және басқа да компоненттерді белсенді пайдаланады. Осылайша күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарға жаңа сипат беріп, ерекше бұйымдар жасайды.
Көрмеге алғаш рет Ақкөл ауданынан келген нан-тоқаш өнімдерін өндіруші Ирина Андрющенко да қатысты. Кәсіпкер 20 жылдан астам уақыттан бері нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен айналысады.
Соңғы жылдары ол табиғи ингредиенттерден арнайы ашытқы қосып, дәстүрлі тәсілмен пісірілетін крафт нанға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұндай тәсіл нан пісірудің дәстүрлі технологияларын сақтай отырып, тұтынушыларға табиғилығы мен сапасына басымдық берілген заманауи өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Жалпы, көрме келушілері түрлі бағыттағы өнімдермен танысып, олардың дәмін татуға мүмкіндік алды. Көрмеде нан-тоқаш, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, зергерлік бұйымдар, тоқылған бұйымдар, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, интерьерлік ойыншықтар, жиһаз, жуғыш құралдар және басқа да көптеген тауар түрлері ұсынылды.
«Көптеген кәсіпкерлер үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа мүмкіндіктер іздеуге және өнімдерін нарықта ілгерілетуге жол ашатын жоба. Бұл – жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер өз еңбегінің нәтижесін ұсынып, келушілерден кері байланыс алып, өнімдерін ілгерілету мүмкіндігін кеңейтетін алаң. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы микро және шағын бизнестің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлерге жергілікті өнімдерді экспорттық әлеуеті бар танымал брендтерге айналдыруға көмектесуде. Финалистер маркетингтік қолдауға және 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мусылманбек.
Көрме қорытындысы бойынша жұмыс тобы 20 жартылай финалисті анықтады. Келесі кезеңде олар өз жобаларын өңірлік бренд-комитет сарапшыларының алдында таныстырады. Мамандар ұсынылған өнімнің сапасын, бәсекеге қабілеттілігін және даму әлеуетін бағалайды. Осыдан кейін 10 финалистің түпкілікті тізімі бекітіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1279606?lang=ru

Жауап қалдыру