
Облыс әкімі Берік Уәли Спорт күніне орай өңірдің спорт саласының қызметкерлері мен жаттықтырушыларды, спорт мекемелерінің жетекшілерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде спортты дамыту тек жоғары жетістіктерге ұмтылумен шектелмейтінін, басты мақсат – дені сау ұрпақ тәрбиелеу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында өңірдің спорт саласының дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар азаматтар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен үстел теннисінен білікті жаттықтырушы, спорт саласында 25 жыл еңбек еткен Бауыржан Шайхин марапатталды.
«Еңбек ардагері» төсбелгісі спорт саласының ардагері Ақылтай Жарылғановқа табысталды.
«Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне волейболдан біліктілігі жоғары жаттықтырушы Думан Исабаев пен Абай облысының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының басшысы, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Болат Ақжігітов ие болды.
Сонымен қатар бірқатар азаматтарға Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-sport/press/news/details/1280048?lang=ru

Жауап қалдыру