
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратына сәйкес, Астана қаласы мәслихатының 2026 жылғы 26 маусымдағы № 437/56-VIII «Астана қаласының жекелеген санаттағы мұқтаж азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және алушылардың тізбесін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы» шешімі қабылданды. Аталған Қағидалар Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII шешімімен бекітілген.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес санаторий-курорттық емделу түріндегі әлеуметтік көмек Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша кемінде үш жыл тіркелген адамдарға, атап айтқанда:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, Қазақстандағы 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен ақталған адамдарға, мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, оларға әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу қызметтері ұсынылған жағдайда;
- жасы бойынша зейнеткерлерге жолдама құнының 20 %-ын төлей отырып, мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, оларға әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу қызметтері ұсынылған жағдайда;
- ең төменгі зейнетақы мөлшерін алушылар қатарындағы жасы бойынша зейнеткерлерге жолдама құнының 15 %-ын төлей отырып, мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, оларға әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу қызметтері ұсынылған жағдайда;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі кезеңде кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет атқарған) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға көрсетіледі.
Осы өзгерістерге байланысты санаторий-курорттық емделуге жазылу birge.astana.kz сайты арқылы электрондық форматта электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жазылу азаматтардың өздері арқылы дербес жүзеге асырылады.
Санаторий-курорттық емделуге жазылу әр айдың бірінші жұмыс күнінде сағат 09:00-де ашылады.
Жазылу санаторийлермен келісілген келу кестесіне сәйкес және белгіленген орындар саны шегінде жүзеге асырылады.
Назар аударамыз, санаторий-курорттық емделуге арналған жолдамалар саны шектеулі. Сұраныстың жоғары болуына байланысты тіркеу ашылғаннан кейін барлық қолжетімді орындар қысқа мерзім ішінде толтырылады.
Белгіленген орындар саны толғаннан кейін тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. ЭЦҚ-ны алдын ала дайындап, тіркеу ашылғаннан кейін бірден жазылуды ұсынамыз.
Сондай-ақ, жазылған азаматтардың бірі жолдамадан бас тартқан жағдайда, босатылған орындар сайтта көрсетіліп, қайта жазылу үшін қолжетімді болатынын хабарлаймыз.
Қосымша хабарлаймыз, ағымдағы жылғы 3 тамызда сағат 09:00-де birge.astana.kz сайтында басқа кезеңдерге санаторий-курорттық емделуге жазылу ашылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1279979?lang=ru

Жауап қалдыру