Баладағы мүгедектік: ата-аналар нені білуі маңызды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Балаға мүгедектік белгілеу – отбасыға қажетті мемлекеттік қолдау шараларын, әлеуметтік қызметтерді және оңалту құралдарын алуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Ата-аналар мүгедектіктің тек анықтама мен әлеуметтік жәрдемақы ғана емес екенін білуі қажет. Баланың жеке қажеттіліктеріне қарай медициналық және әлеуметтік оңалтудың түрлі шаралары қарастырылуы мүмкін.

Балаға мүгедектік қалай белгіленеді?

Организм функцияларының тұрақты бұзылуы және тыныс-тіршілігінің шектелуі болған жағдайда, қажетті медициналық тексеруден кейін бала медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы арқылы медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілуі мүмкін.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың нәтижелері бойынша мүгедектікті белгілеу туралы шешім қабылданады, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мен оңалтудың қажетті шаралары айқындалады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі ретінде мүгедектік туралы анықтама, сондай-ақ тиісті іс-шаралар әзірленген жағдайда абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді беріледі.

ОЖБ дегеніміз не?

Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (ОЖБ) – баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып әзірленетін және оңалту іс-шараларының қажетті түрлерін, көлемі мен мерзімдерін айқындайтын құжат.

ОЖБ медициналық және әлеуметтік құрамдастарды қамтиды. Баланың қажеттілігіне қарай онда техникалық оңалту құралдары, арнайы жүріп-тұру құралдары, протездік-ортопедиялық көмек, гигиеналық құралдар және әлеуметтік оңалтудың басқа да шаралары қарастырылуы мүмкін.

Маңызды: ата-аналар ОЖБ-да көрсетілген ұсынымдармен мұқият танысуы қажет, өйткені қажетті құралдар мен қызметтер осы ұсынымдар негізінде ұсынылады.

 

Қандай қолдау шаралары қарастырылған?

Мүгедектігі бар бала заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шараларын алуға құқылы.

Атап айтқанда, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасының біріне, бала асырап алушыға, қорғаншысына немесе қамқоршысына тиісті мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Ата-анаға жәрдемақы тағайындау электрондық үкімет порталы арқылы, ал заңнамада көзделген жағдайларда проактивті форматта жүзеге асырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, ОЖБ-ға сәйкес бала қажетті оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Әлеуметтік қызметтер порталы

Жекелеген техникалық оңалту құралдары мен қызметтерді алу үшін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді.

Портал арқылы ата-аналар абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында көзделген қажетті тауарлар мен қызметтерді таңдап, жеткізушілердің ұсыныстарымен танысып, тапсырыс бере алады.

Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда 1414 бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.

Ата-аналар нені есте сақтауы керек?

  1. Қажетті медициналық тексерулерден өтуді кейінге қалдырмаңыз.

Медициналық ұйымға уақытылы жүгіну баланың одан әрі медициналық және әлеуметтік көмек алу бағытын анықтауға мүмкіндік береді.

  1. ОЖБ-мен мұқият танысыңыз.

Бағдарламада балаға қажетті барлық іс-шаралар мен оңалту құралдарының көрсетілгенін тексеріңіз.

  1. Мемлекет тарапынан көзделген қолдау шараларын пайдаланыңыз.

Мүгедектік белгіленгеннен кейін отбасы тиісті жәрдемақыларды, оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерді рәсімдей алады.

  1. Қайта куәландыру мерзімдерін қадағалаңыз.

Егер мүгедектік белгілі бір мерзімге белгіленсе, қажетті рәсімдерден уақытылы өту маңызды.

  1. Баланың оңалтуға және әлеуметтік қолдауға құқығы бар екенін ұмытпаңыз.

Көрсетілетін көмек баланың жеке қажеттіліктерін, оның денсаулық жағдайын және тыныс-тіршілігінің шектелуін ескере отырып айқындалуы тиіс.

Ең бастысы – жеке тәсіл

Әр бала ерекше. Сондықтан қолдау және оңалту шаралары тек диагнозға ғана емес, баланың жеке қажеттіліктеріне де қарай айқындалады.

Ата-аналардың туындаған мәселелермен жалғыз қалмауы маңызды. Қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға, халықты әлеуметтік қорғау органдарына, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне жүгініп, электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді пайдалануға болады.

Маңызды: мүгедектік баланың білім алуға, дамуға, қарым-қатынас жасауға және қоғам өміріне толыққанды қатысуға құқығын шектемейді. Мемлекеттік қолдау жүйесі баланың мүмкіндігінше дербес болуына және қоғамға әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1280526?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді