Бірегей ота: Алматыда ауыр жарақаттанған бүлдіршін қайта жүруге мүмкіндік алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған 5 жастағы қыз балаға жасалған бірегей хирургиялық емнің алғашқы кезеңі сәтті өтті.

Күрделі операцияны аурухананың травматолог дәрігерлері Ресей Федерациясындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Н.И. Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасының жетекші маманы Павел Бортулёвпен бірлесіп, халықаралық шеберлік сабағы аясында орындады.

№2 БҚКА директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, бұл клиникалық жағдай балалар травматологиясындағы ең күрделі жағдайлардың бірі болып саналады, ал жасалған операция микрохирургиялық дәлдікті талап ететін  отаның жарқын үлгісі болды.

«Ресейлік сарапшының сапары мен шеберлік сабағының ұйымдастырылуына көптеген жылдар бойы балалар денсаулығын сақтауды дамытуға, медицина мамандарының біліктілігін арттыруға және қазақстандық балаларға арналған заманауи емдеу әдістерін енгізуге қолдау көрсетіп келе жатқан “Мейірімділік” ерікті қоғамы қоғамдық қоры демеушілік көрсетті», – деді Марат Рабандияров.

Бір жыл бұрын бүлдіршін көптеген жарақаттар алған, оның ішінде сан сүйегінің көп сынықты сынуы мен ауыр бас-ми жарақаты болған. Қыз бала ұзақ уақыт комада жатқан. Ауыр жағдайдың салдарынан өте сирек кездесетін әрі күрделі асқыну дамып, сол жақ жамбас-сан буынының айналасында сүйек тіні түзіле бастаған. Уақыт өте келе кейбір бұлшықеттер мен жұмсақ тіндер тығыз сүйек құрылымдарына айналып, буынның қозғалысын дерлік толық шектеген. Соның салдарынан қыз баланың аяғын қалыпты қозғалту мүмкіндігі жоғалған.

Операцияның күрделілігі патологиялық сүйек түзілістерінің арасынан ірі қан тамырлары мен жүйкелердің өтуімен байланысты болды. Хирургтің кез келген абайсыз қимылы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін еді. Бірнеше сағатқа созылған операция барысында дәрігерлер өмірлік маңызды құрылымдарды мұқият бөліп алып, қоршаған тіндерді сақтай отырып, гетеротопиялық оссификатты алып тастады.

«Біздің алдымызда өте күрделі міндет тұрды. Патологиялық сүйек түзілістерін толық алып тастап, сонымен қатар қан тамырларын, жүйкелерді және айналасындағы тіндерді сақтау қажет болды. Жұмыс әрбір миллиметрде барынша дәлдікті талап етті», – деді №2 БҚКА травматология бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин.

Мамандардың асқан шеберлігінің арқасында жамбас-сан буынының қозғалысы қалпына келтірілді.

Операциядан кейінгі алғашқы күндерден бастап қыз бала емдік дене шынықтыру жаттығуларын бастады. Мамандар буынды біртіндеп дамытып, қозғалыс көлемін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Емдеу жалғасады. Екінші кезеңде сан сүйегінің деформациясын түзету мақсатында реконструктивтік операция жасау жоспарланған.

Дәрігерлер кешенді емдеу нәтижесінде баланың қозғалыс қабілеті қалпына келіп, өздігінен жүріп, толыққанды өмірге оралады деп үміттенеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1280460?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді