
25 тамыздан бастап Алматыда электросамокаттарды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енеді.
Негізгі өзгерістердің бірі – электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынуы.
Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, электросамокатпен жолдың жүріс бөлігінде тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға жүруге рұқсат етіледі.
«Негізгі өзгеріс – электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалуына тыйым салынады. Бұл ретте жолдың жүріс бөлігіне тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана шыға алады», – деп атап өтті Әбдінұр Тасыбаев.
Сонымен қатар, қараңғы уақытта электросамокат пайдаланушылары жарық шағылыстыратын жилет немесе жарық шағылыстыратын элементтерді қолдануға міндетті.
Сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде электросамокат жүргізушісі көліктен түсіп, оны жаяу алып өтуге тиіс.
Прокатқа берілетін электросамокаттарға да бірқатар талап қойылады. Олар тіркеу нөмірлерімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі керек. Ал кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, сондай-ақ оларды пайдалану бойынша белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Алматы қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын заңнама талаптарын сақтауға, жолда мұқият болуға және электросамокаттарды пайдалану кезінде жаңа ережелерді ескеруге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1280193?lang=ru

Жауап қалдыру