
Бүгін ауданымыздың мақтанышы, пара жеңіл атлетикадан Қазақстанның нағыз чемпионы — жерлесіміз Иван Строкуленконы ұлықтау рәсімі өтті.
Еске сала кетейік, 14–21 тамыз аралығында Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің 19 өңірінен келген мықты спортшылар бақ сынаған тартысты додада Иван өзінің жоғары шеберлігін көрсетіп, бірден үш медаль — екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
Аудан әкімі Серік Құдабай Иванға және оның анасына аудан намысын абыроймен қорғап, жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізгені үшін шынайы алғысын білдірді. Спортшыға қолдау көрсету және оның еңбегін бағалау мақсатында ақшалай сертификат табысталды.
Иванның бұл жетістігі — орасан зор еңбектің, қайсарлықтың, табандылықтың және өз күшіне деген сенімнің нәтижесі. Оның жеңісі жастарға үлгі болып, бүкіл Сандықтау ауданы үшін зор мақтанышқа айналды.
Біз өз чемпионымызды мақтан тұтамыз және Иванға жаңа жеңістер, жарқын жетістіктер мен биік спорттық белестерді бағындыруды тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-sand/press/news/details/1280321?lang=ru

Жауап қалдыру