Мектептер маңындағы қауіпсіздік: Абай облысының полициясы 92 нұсқама берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Оқу жылының басталуына орай Абай облысының полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол инфрақұрылымының жағдайын тексерді. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне және жол қозғалысын ұйымдастыру талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.

Тексеру қорытындысы бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға 92 нұсқама берілді. Бүгінгі таңда оның 44-і орындалды, ал қалған 48 нұсқама полиция бақылауында.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде қажетті жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілмеген мектептердің саны 52-ден 45-ке дейін азайды.

Бірқатар аудандарда оң динамика байқалады:

Ақсуат ауданында көрсеткіш 5 мектептен 4 мектепке дейін төмендеді;
Үржар ауданында — 8-ден 4 мектепке;
Мақаншы ауданында — 4-тен 2 мектепке дейін азайды.

Бірқатар білім беру ұйымдарының маңына жол белгілері орнатылып, жасанды жол кедергілері жасалды және жаяу жүргіншілер өткелдері тиісті жағдайға келтірілді.

Сонымен қатар Абай ауданындағы 5 мектептің, Аягөз ауданындағы 3, Жарма ауданындағы 4 және Жаңасемей ауданындағы 9 мектептің маңында қажетті жол инфрақұрылымы әлі де жоқ.
Семей қаласында осындай 14 мектеп анықталды. Негізгі кемшіліктер қатарында жасанды жол кедергілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, көшелердің жеткіліксіз жарықтандырылуы, автотұрақ орындарының, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер қоршауларының болмауы, сондай-ақ жекелеген жол белгілерінің тозуы бар.

Жалпы тексеру барысында кейбір мектептердің маңында «Балалар» және жылдамдықты шектеу белгілері, жаяу жүргіншілер өткелдері, тротуарлар мен жасанды жол кедергілері жоқ екені анықталды.

«Полицияның жұмысы кемшіліктерді анықтаумен ғана шектелмейді, олардың нақты жойылуын бақылауға да бағытталған. 45 мектепті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі бақылауда қалады. Жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жұмыс жалғасын табады», — деді Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1280592?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді