
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінде түрлі құқықбұзушылықтар жасаған 231 тұлғаны анықтап, жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 189, әуе кемесінде темекі шеккен 31, ұсақ бұзақылық жасаған 15, әуе кемесі бортындағы мінез-құлық ережелерін бұзған 6 және тағы басқалар.
Мәселен, 24 тамызда Өскемен қаласы халықаралық әуежайындағы көлік полицейлері «Алматы – Өскемен» бағытындағы рейстен әуе кемесі командирінің актісімен 35 жастағы Алматы қаласының тұрғынын түсірді.
Құқықбұзушының Алматы әуежайынан ұшқан самолет биіктікке көтеріліп жатқан кезде, қауіпсіздік белдігін тақпағандығы, бортта ішкен алкогольді қоса алғанда, тамақ пен сусындардан қалған қоқысты салон ішіне әдейі шашып тастағаны анықталды. Ішімдікке сылқия тойған жолаушы әуе кемесі экипажының нұсқауларын орындамаған және оларды балағаттаған, басқа жолаушыларға қарата дөрекі сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған. Ол, тіпті, рұқсатсыз орнынан тұрып, ұшақтың артқы бөлігіне өтіп, бос тұрған орындарға жайғасқан.
Тексеру кезінде аталған азаматтың бұған дейін бірнеше рет әртүрлі әкімшілік жазаға тартылғандығы белгілі болды. Бұл жолы көлік полицейлері оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің төрт бірдей бабымен, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, әуе кемесі бортындағы мінез-құлық ережелерін бұзу, ортақ пайдалану орындарын ластау және ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орындарда қоқыс тастағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 сағаттық мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады.
Мұндай мінез-құлыққа жол берілмейді және заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылатындығын еске саламыз. Осыған сәйкес, азаматтарды әуе кемесінің бортында және қоғамдық орындарда құқық тәртібін қатаң сақтауға шақырамыз.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1279989?lang=ru

Жауап қалдыру