Қонаевта газ қауіпсіздігіне баса мән берілуде: 469 пәтер тексерілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов халықпен кездесіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді.

Жиында қаланы газдандыру, газ қауіпсіздігі және жылыту маусымына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда 19, №20, Арна, Спутник және Рауан шағынаудандарында газ желілері тартылып жатыр. Құрылысты 2025-2027 жылдар аралығында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар саяжай алқаптарына газ құбырларын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Әкімнің айтуынша, газ комиссиясы көгілдір отынға қосылудан бас тартқан 469 пәтерді тексерген. Тексеру барысында тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану және тиісті талаптарды сақтау бойынша 112 хабарлама берілген. Нәтижесінде 58 пәтер электр плиталарын пайдалануға көшті.

«Алда жылыту маусымы келеді. Оған дайындықты қазірден бастау қажет. Көгілдір отынның жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек. Былтыр Қонаевта газ-ауа қоспасының жарылыстары орын алды. Мұндай жағдайлардың алдын алу – ортақ міндет. Сондықтан газ комиссиясының жұмысы алдағы уақытта да жалғасады», – деді Асхат Бердіханов.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар қаланың бірқатар шағынаудандарындағы инженерлік инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда, 8-10-шағынаудандардың тұрғындары ауыз су мен кәріз жүйелерінің сапасына қатысты шағымдарын жеткізді. Кәріз желісіне қатысты мәселе Қарлығаш шағынауданында да көтерілді. Осыған байланысты қала әкімі салынған инженерлік желілерді қосымша тексеруді тапсырды.

Қарлығаш шағынауданындағы электр жарығының жиі өшуі мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі таңда аталған аумаққа жаңа электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал Әсемтас шағынауданының тұрғындары электр кернеуінің төмендігі мен балалар алаңын салу қажеттігін айтты. Көтерілген мәселелерді қарастырып, тиісті шаралар қабылдау ТҮКШ бөліміне тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-qonaev/press/news/details/1280398?lang=ru