«Жазғы саябақтағы кітап әлемі» Тараз тұрғындарын кітапқа жақындастырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

21 тамыз күні Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында кітапсүйер қауымға арналған «Жазғы саябақтағы кітап әлемі» атты кітапханалық шара өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени-танымдық басқосу қала тұрғындары мен саябаққа келушілерге кітап әлемінің сан қырын таныстырып, бос уақытты мазмұнды өткізуге мүмкіндік берді. Шараның басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, ұлттық әдебиетті насихаттау және білім мен шығармашылыққа құштар ұрпақ қалыптастыру.

Аталған шараны тамашалауға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай арнайы келді.

Шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы заманауи кітапхана мүмкіндіктерін таныстырды. «Жаңа форматтағы кітап: ЖИ мүмкіндіктері» көрмесінде жасанды интеллектінің кітап жасау, әдеби мазмұнды ұсыну және ақпаратты жаңа форматта жеткізудегі мүмкіндіктері көрсетілсе, «24 қаламгер – 24 әдеби әлем» экспозициясы Жамбыл өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығы мен әдеби мұрасына арналды.

Балалар мен жасөспірімдер үшін де қызықты алаңдар ұйымдастырылды. Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Кітап – білім бұлағы» көрмесі, «TOP IQ» интерактивтік және «Зерде» ойын алаңдары жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Балалар аудиокітаптармен, анимациялық ертегілермен, жасанды интеллект өнімдерімен танысып, логикалық ойындар мен әдеби сайыстарда өз білімдері мен тапқырлықтарын сынады.

Шараның тағы бір ерекшелігі – ерекше қажеттілігі бар оқырмандарға арналған кітапханалық мүмкіндіктердің таныстырылуы. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Тактильді аймақ» алаңын ұсынып, Брайль қарпімен бедерленген әдебиеттерді, тактильді кітаптарды және түрлі тақырыптағы көрмелерді көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар «Табиғаттағы кітапхана» аудиокітап алаңы мен «Тарихи-танымдық» ойын үстелі ұйымдастырылып, кітаптың әр оқырманға қолжетімді болуының маңызы көрсетілді.

Абай атындағы Тараз қалалық кітапханалар жүйесі де бірқатар кітаптарын қала тұрғындарының назарына ұсынды.

Кітап көрмелерімен қатар әдеби викториналар, танымдық сұрақ-жауаптар, жұмбақтар мен шығармашылық ойындар өткізіліп, тұрғындар өздеріне ұнаған кітаптарды таңдап, кітапханашылардан қажетті әдебиеттер бойынша кеңес алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1280645?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді