
Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхананың оқырман қатары тұрақты түрде артып келеді. Жыл басынан бері портал қашықтан 865,3 мың рет қаралды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға көп. Ал қашықтан пайдаланушылар саны 33% пайызға өсіп, 359,7 мың адамға жетті.
Кітапхананың цифрлық қорына да сұраныс жоғары. Сегіз айда электрондық көшірмелер 5,4 млн-нан астам рет қаралып, 1,2 млн-ға жуық рет жүктелген. Жыл басынан бері электрондық қойма тағы 3 606 көшірмемен толықты. Қазір барлығы 341 637 файл сақтаулы тұр.
Бүгінде ҚазҰЭК қорында 87 415 құжат бар. Қордың негізгі бөлігін кітаптар мен брошюралар құрайды. Олардың жалпы саны – 47 488. Порталда авторефераттар, диссертациялар, газет-журналдар, ғылыми мақалалар, ноталық басылымдар, архив құжаттары, карталар, бейнелеу материалдары, аудио және бейнематериалдар да ұсынылған.
Кітапхана материалдарын 70 тілде оқуға болады. Құжаттардың толық нұсқасын порталға тіркелмей-ақ оқуға мүмкіндік бар. Портал көру қабілеті нашар адамдардың пайдалануына да бейімделген.
ҚазҰЭК-ті шетелдік оқырман да белсенді пайдаланады. Бүгінде әлемнің 125 елінде ҚазҰЭК пайдаланушылары тіркелген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 110 елді құраған. Осылайша бір жыл ішінде ҚазҰЭК-ті пайдаланатын елдер саны тағы 15-ке артты.
Қазақстаннан бөлек, платформаны Қытай, Сингапур, АҚШ, Ресей, Вьетнам, Өзбекстан, Бразилия және Германия тұрғындары жиі пайдаланады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1280458?lang=ru

Жауап қалдыру