
Семей қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Маларов 101 жасқа келді. Мерейтой иесін құттықтауға Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері барды.
Абай облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шәріпханов Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын оқып берді.
– Сіздің жауынгерлік жолыңыз – Отанға деген адалдықтың, ерлік пен қайсарлықтың жарқын үлгісі. Өмір жолыңыз – өскелең ұрпаққа өнеге. Сізге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін, – делінген Қорғаныс министрінің құттықтауында.
Ардагерге ерекше сыйлық ретінде Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрі өнер көрсетті. Музыканттар мерейтой иесіне арнап, оның сүйіп тыңдайтын майдан әндері мен әуендерін орындап берді.
Григорий Маларов 19 жасында майданға аттанған. 2-ші Прибалтика майданының құрамында Эстония мен Польшаны азат етуге қатысты. Жауынгерлік жолын майдангер Берлинде аяқтаған.
Бүгінде Григорий Маларов Семей қаласында тұрады. Қарттығына қарамастан, сергектігін сақтап, өзіне арнайы келіп, құттықтап, Жеңіске қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп жатқан қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды.
– Бүгін мен үшін ең маңыздысы – жанымда жақындарымның болғанын көру және жас ұрпақтың Жеңісті ұмытпағанын білу. Баршаңызға бейбіт аспан, зор денсаулық тілеймін. Енді ешқашан соғыс болмасын, – деді ардагер.
Кездесу – тұтас бір дәуірді артқа қалдырған, соғыс жылдарындағы ауыр сынақтардан өткен ұрпақтың өкіліне құрмет көрсетіп, оның ерлігін ұлықтауға және тарихи жадымызды сақтауға арналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1281425?lang=ru

Жауап қалдыру