
Аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, инвестициялар тарту және Ақмола облысының индустриялық аймақтарын дамыту мәселелері қаралды.
Салалық ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2026 жылға өңір бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңге деңгейінде белгіленген. Жеті айдың қорытындысы бойынша облысқа 404,6 млрд теңге инвестиция тартылып, инвестициялардың физикалық көлем индексі 102,3%-ды құрады. Инвестициялардың 90%-дан астамы жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуда.
Биыл өңірде 3 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 158 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Инвестициялардың өсуі ірі жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ бірқатар жобалардың белсенді құрылыс кезеңіне өтуі есебінен қамтамасыз етілген.
Индустриялық аймақтарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Облыста республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағы және үш өңірлік индустриялық аймақ – «Kokshe Industry», «Stepnogorsk Industrial Park» және «Qaragai Industrial Park» жұмыс істейді.
«AQMOLA» индустриялық аймағында кемінде 5,7 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 23 жоба сүйемелденуде. Ірі жобалардың бірі – қытайлық Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. компаниясының бидайды терең өңдеу жобасы. Жобаның алғашқы кезеңінде 1 мыңға дейін, ал барлық кезеңдері іске асырылғаннан кейін 3 мыңға дейін жұмыс орны ашылмақ.
Қосшы қаласында да бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Солардың бірі – қытайлық инвестордың қатысуымен жүзеге асырылатын «Жібек жолы» жобасы. Жоба аясында 3 мыңға дейін жұмыс орнын құру көзделген. Целиноград ауданында үй құрылысы комбинаты мен құрылыс материалдары индустриялық паркін салу жобалары іске асырылуда.
«Kokshe Industry» аумағында 280-нен астам жұмыс орнын құруды көздейтін екі жоба жүзеге асырылуда. «Stepnogorsk Industrial Park» аумағында қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу аяқталуда, сондай-ақ қытайлық инвесторлардың қатысуымен екі жобаны іске асыру мәселесі пысықталуда. «Qaragai Industrial Park» бойынша инфрақұрылымды дамытуға және жаңа инвесторлар тартуға басымдық берілуде.
Отырыс барысында депутаттар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу сапасына және мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне назар аударды.
Комиссия төрағасы Әбілқайыр Ошақбаев жеті айда тартылған инвестициялар көлемін ескере отырып, негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша белгіленген 1,2 трлн теңгелік көрсеткішке қол жеткізу жоспарлары туралы сұрақ қойды.
Депутат Нұртас Ахат облыс орталығындағы ЖЭО құрылысының қазіргі кезеңіне қызығушылық танытып, жобаның іске асырылу барысы туралы толық ақпарат беруді сұрады. ЖЭО құрылысы – мемлекет бақылауында тұрған қала тұрғындары үшін аса маңызды мәселе.
Бекім Әкімов Ерейментау ауданындағы құрамында алтыны бар кенді игеру жобаларын мысалға келтіре отырып, инвестициялардың нақты аудандар үшін тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды. Атап айтқанда, құрылған жұмыс орындарының санына, ауылдық округтер, аудан және облыс бюджеттеріне түсетін салық түсімдерінің көлеміне, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық әсерлерге баға беруді ұсынды. Сонымен қатар депутат инвесторлардың қызметін бақылауды кім жүзеге асыратынына қатысты сұрақ қойды.
Анар Аяпбергенова 158 жобаның барлығы белсенді іске асырылып жатқанын нақтылады.
Саят Сыздықов есепте тоқтатылған және өзектілігін жоғалтқан жобалар бар екенін атап өтіп, облыстың инвестициялық портфеліне толық талдау жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар депутат инвесторлар тартумен айналысатын коммуналдық мемлекеттік мекемелерді құруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы мәселе көтерді.
Жиында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері де қаралды. Облыста 60 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда шамамен 132 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың ЖӨӨ-дегі үлесі 31,2%-ды құрайды. Сектордан түскен салық түсімдері 136 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,1%-ға өсті. Өнім шығару көлемі шамамен 531 млрд теңгені құрады.
2026 жылы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті өндірісті дамытуға және кеңейтуге бағытталған шағын бизнесті қолдаудың жаңа бірыңғай «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жыл соңына дейін өнім шығару көлемін, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің және ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын арттыру, сондай-ақ оның ЖӨӨ-дегі үлесін 32%-ға жеткізу міндеті қойылды.
Кәсіпкерлік жобалары үшін жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру мәселесі де өзекті болып отыр. 2025–2026 жылдары екі жоба мақұлданған. Олар – «Ен-Дала» ЖШС мал шаруашылығы кешенінің электрмен жабдықтау желілерін және «Бозайғыр» ЖШС кірпіш зауытының сумен және электрмен жабдықтау желілерін салу жобалары. Бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты аталған жобаларды қаржыландыру әзірге қамтамасыз етілмеген.
Отырыс қорытындысы бойынша қолданыстағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету, әр жоба бойынша ақпаратты өзектендіру, мемлекеттік қолдаудың атаулылығын күшейту және жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді уақтылы шешу қажеттігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1281382?lang=ru

Жауап қалдыру