
2026 жылғы 27 тамызда «Қазақстан Орманы» ЖШС орман питомнигінің аумағында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаевтың және Ақмола облысының әкімі М.Ахметжановтың қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Мемлекеттік органдар мен орман шаруашылығы мекемелерінің өкілдері питомниктік базаны дамыту, отырғызу материалдарының сапасы, сондай-ақ ормандарды қалпына келтіру және көгалдандыру жұмыстарына жеке сектордың қатысу мәселелерін талқылады.
Қатысушыларға питомниктің өндірістік инфрақұрылымы таныстырылды. Жобаның жалпы алаңы 485 гектарды құрайды, оның 85 гектары суарумен қамтамасыз етілген. Көлемі 12 мың текше метр су жинақтағыш салынған. Алаң жылына 50 миллионға дейін орман және сәндік дақылдардың көшеттері мен екпе көшеттерін өсіруге есептелген.
«Орманды тұрақты қалпына келтіру жұмыстары ағаш отырғызу сәтінен емес, одан әлдеқайда ертерек – сапалы тұқымнан, дұрыс өсіруден және жергілікті жағдайларға бейімделген ағаш түрлерін таңдаудан басталады. Бұған екпелердің жерсінуі, оларды күтіп-баптауға жұмсалатын шығындар және түпкілікті нәтиже тікелей байланысты», – деп атап өтті Е. Нысанбаев.
Ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру мәселелері Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің ерекше бақылауында.
Президенттің мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында бүгінгі таңда 1 миллион 74 мың гектар алаңға шамамен 1 миллиард 648,4 миллион көшет отырғызылды.
Қазақстанда 243 мемлекеттік орман питомнигі жұмыс істейді, олар жыл сайын 220 миллионға дейін отырғызу материалын өсіреді. Ормандарды одан әрі молықтыру, елді мекендерді көгалдандыру және жерлердің деградациясына қарсы күрес өңірлердің жағдайларына бейімделген сапалы көшеттер мен екпе көшеттерге тұрақты сұранысты қалыптастырады.
«Қазақстан Орманы» орман питомнигі бұл міндетті шешуге жеке сектордың қатысу мүмкіндіктерін көрсетіп отыр және елдің орталық және солтүстік өңірлеріндегі осындай ауқымдағы алғашқы питомник болып табылады.
Мұндай алаңдар өңірлерді отандық аудандастырылған отырғызу материалдарымен қамтамасыз етіп, екпелердің жерсіну деңгейін арттыруға, орманды қайта қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және импорттық көшеттерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Саланың ұзақ мерзімді даму моделіне де ерекше назар аударылды. Сатып алудың болжамды әрі тұрақты тетіктері қалыптасқан жағдайда жеке инвестициялар мемлекеттің мүмкіндіктерін толықтырып, отырғызу материалдарының тапшылығы тәуекелін азайта алады. Дамыған инфрақұрылым орман офсеттік жобаларын іске асыруға және экожүйелерді қалпына келтіруді қаржыландыруға жағдай жасайды. Ақмола облысының тәжірибесі табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, басқа өңірлерде де зерделеніп, бейімделуі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1281375?lang=ru

Жауап қалдыру