
2026 жылдың басынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендер тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат оқудан өтті.
Қазақстан Республикасында жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және оларды онлайн форматта өз бетінше алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлер арасында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында оқытылған азаматтар саны басым.
Оқу сабақтарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары еліміздің әр өңіріндегі ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Сабақ барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның негізгі құралдары мен мүмкіндіктерін меңгерді.
Еске сала кетейік, электрондық мемлекеттік қызметтерді және заманауи онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-kyzylbalyk/press/news/details/1281419?lang=ru

Жауап қалдыру