
Энтеробиоз — жұқпалы паразиттік ауру, бүкіл әлемде кең таралған аурулардың бірі. Аурудың қоздырғышы — ішек құрты. Ол адамның аш ішегінде және тоқ ішектің жоғарғы бөлімінде паразиттік тіршілік етеді.
Энтеробиоздың берілу факторларының негізгісі — ішек құрттарының инвазиялық жұмыртқалары түскен лас қолдар, сондай-ақ ластанған ойыншықтар мен тұрмыстық заттар. Мүмкін болатын механикалық тасымалдаушылар: жануарлар (жүні), шыбындар және тарақандар.
Инфекция инвазиялық жұмыртқаларды алғашқы жұтқанда және сол адамда аналықтар салған инвазиялық жұмыртқаларды қайта жұтқанда пайда болады.
Инкубациялық кезең орташа есеппен 3-4 апта. Ішек құрттарының өмір сүру ұзақтығы бір айдан сәл асады. Энтеробиоздың негізгі белгілері-анус аймағында қышу, түнде күшейеді, терінің тырналуы, ұйқының бұзылуы, тітіркену, іштің ауыруы, жүрек айнуы және құсу. Жедел аппендицит кезіндегідей коликаға ұқсас өткір ауырсыну ұстамалары болуы мүмкін. Ересектерде ауру көбінесе симптомсыз өтеді.
Емделмеген жағдайда ішектің шырышты қабығының зақымдануы және қан құйылулардың пайда болуы, сондай-ақ екіншілік бактериялық инфекцияның қосылуы түрінде асқынулар дамуы мүмкін.
Энтеробиозбен 5-6 айлық балалар мен мектеп жасына дейінгі балалар жиі ауырады. Ұйымдастырылған топтарда энтеробиозды жұқтыру қаупі өте жоғары, өйткені кішкентай балаларға жеке гигиенаны сақтау қиынырақ, олар көбінесе ойыншықтармен бірге ойнайды, оларды аузына алып, ортақ контейнерге салады. Тәуекел тобында балалармен байланыста болатын балалар мекемелерінің қызметкерлері де бар.
Энтеробиозбен аурулардың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдар эпидемиологиялық және клиникалық көрсеткіштер бойынша тексеру жүргізеді: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар; медициналық тексерулер кезінде халықтың декреттелген топтары; медициналық ұйымдардың пациенттері; байланысатын адамдар; су спорт түрлері бойынша спорт топтарына баратын адамдар.
Науқастарды немесе паразит тасымалдаушыларды анықтау профилактикалық, жоспарлы, алдын ала қабылдау және мерзімді медициналық тексерулер кезінде жүргізіледі. Энтеробиозды диагностикалаудың негізгі әдісі — перианальды қырынды алу. Бұл процедураны таңертең жүргізу қажет. Арнайы дайындық талап етілмейді, ең бастысы — зерттеуге дейін душ қабылдамау.
Нәтиже теріс болған жағдайда және айқын клиникалық белгілер байқалса, зерттеуді бірнеше күн аралықпен қайталап жүргізеді.
ішек құрттарымен зақымданған балалар емделу кезеңінде және дегельминтизация курсы аяқталғаннан кейін 14 күн өткен соң жүргізілетін бақылау зертханалық тексеру кезеңінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жіберілмейді. Бақылау зертханалық тексеру 3 рет, әрқайсысы 3 күнтізбелік күн аралықпен жүргізіледі.
Инвазия анықталған жағдайда, байланыста болған адамдар тексеріледі. Сонымен қатар ұйымдасқан ұжымдарда және отбасында дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, жоспардан тыс мұқият санитариялық өңдеу жүргізіледі.
Аурудың алдын алудың негізгі шарасы — ең алдымен жеке бас гигиенасын сақтау. Дәретханаға барғаннан кейін, ойын ойнағаннан кейін және тамақтанар алдында қолды үнемі жуып отыру қажет. Тұрақты түрде ылғалды тазалау жүргізу, ойыншықтарды жуу, іш киім мен төсек-орын жабдықтарын уақтылы ауыстыру және термиялық өңдеу ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеуді бастауға, сондай-ақ басқа адамдарға жұқтырудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1280777?lang=ru

Жауап қалдыру