Балаларға арналған шұбат: Жаңаөзенде Қазақстандағы алғашқы жоба іске қосылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушыларына түйе сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын – шұбат беріледі. Бұл – ұлттық сусынды мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба.

Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. Бүгін, 26 тамызда Жаңаөзен қаласында «Нар-Бота» шұбат құю цехының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала ақсақалдары, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері қатысты.

Мектеп оқушыларын шұбатпен қамтамасыз ету бастамасын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерді. Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар.

– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуға тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдердің балаларымызға қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.

Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.

Айта кетейік, биыл 12 қаңтарда «Жаңаөзен сүт зауытында» құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын. Шұбат өндіру және құюға арналған жаңа цехтың ашылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.

Салтанатты шара барысында дәстүр бойынша бата беріліп, лента қию рәсімі өтті. Бұдан кейін облыс әкімі мен қонақтар өндіріс барысымен танысып, жаңа құрал-жабдықтарды көрді.

Осылайша, Маңғыстау өңірі елімізде алғашқылардың бірі болып маңызды қадам жасап, ұлттық сусынды мектеп тағамтану жүйесіне енгізіп отыр. Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушылары жергілікті жерде өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама балалардың денсаулығына қамқорлық жасаумен қатар, отандық өндірісті, ауыл шаруашылығын және түйе шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ұлттық тағам дәстүрін дәріптеуге бағытталған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1280726?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді