
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Мұталікұлы Сайтбеков жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, облыстық Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен жедел кеңес өткізді.
Кеңес барысында өңірдегі жедел жағдай, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Профилактикалық жұмыстың тиімділігіне, құқық бұзушылықтарға уақтылы ден қоюға және полиция қызметкерлерінің заң талаптарын мүлтіксіз сақтауына ерекше назар аударылды.
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыруға айрықша мән берілді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың полицияға деген сенімін арттыру әрбір қызметкердің заңдылығы мен кәсібилігіне, жұмысының сапасына және қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен орындауына тікелей байланысты екені атап өтілді.
Кездесуде ұжымның моральдық-психологиялық ахуалы мен моральдық-еріктік жағдайына да ерекше назар аударылды. Өзара құрметке, тәртіпке, жоғары жеке жауапкершілікке және қызметтік әдепті сақтауға негізделген салауатты қызметтік ортаны қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Министрдің орынбасары басшылық құрамның қызметкерлердің заңдылықты, қызметтік тәртіпті және қызмет атқару кезінде белгіленген мінез-құлық стандарттарын сақтауына бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық Полиция департаментінің басшылығына қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға, полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар міндеттер қойылды.
Белгіленген міндеттер құқықтық тәртіпті нығайту және қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1280754?lang=ru

Жауап қалдыру