Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – басты назарда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Елордада полицейлер кәмелетке толмағандармен үздіксіз профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

     Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторының негізгі міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жасөспірімдерге кездесетін қиындықтарды еңсеруге қолдау көрсету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

     Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, білім алып, өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау. Профилактикалық іс-шаралар барысында инспекторлар кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, олардың мінез-құлқына әсер ететін әлеуметтік және отбасылық жағдайларға да назар аударады.

     Профилактикалық кездесулер, түсіндіру жұмыстары, мектептер мен ата-аналар қауымдастығымен өткізілетін әңгімелесулер барысында балаларға қауіпсіздік ережелері, қоғамдық орындардағы тәртіп, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар жасөспірімдерге өз әрекеттерінің салдарын бағалау, заң талаптарын сақтау және қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде ересектерден немесе тиісті мамандардан көмек сұраудың маңыздылығы жеткізіледі.

     Кәмелетке толмағандармен жұмыс барысында ең маңызды қағидалардың бірі – баланың жеке басына құрметпен қарау. Себебі әр баланың өзіндік мінезі, ортасы, тәрбиесі және өмірлік жағдайы бар. Сондықтан инспектордың жұмысы тек талап қоюмен шектелмей, баланы тыңдауды, оның мәселесін түсінуді және қажетті жағдайда қолдау көрсетуді де қамтиды.

     Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторының қызметі жоғары жауапкершілікті, сабырлылықты, мұқияттылықты және адамгершілікті талап етеді. Кей жағдайда уақытылы жүргізілген қарапайым әңгіме, шынайы көңіл бөлу немесе дұрыс бағыт-бағдар беру жасөспірімнің өміріндегі маңызды шешімге себеп болуы мүмкін.

     Балалардың қауіпсіздігі – тек полицияның ғана емес, ата-аналардың, педагогтердің және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Балаға көрсетілген қамқорлық пен дұрыс тәрбие оның болашағына салынған ең маңызды инвестицияның бірі.

–  Бүгін балаларға қамқорлық жасай отырып, біз ертең бірге қауіпсіз, мейірімді және жауапты қоғам қалыптастырамыз, – дейді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Алтынай Хамит.

     Полиция қызметкерлері балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, әрбір жасөспірімнің қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне өз үлесін қоса береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1281107?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді