Қарағанды облысында полицейлер жаңа оқу жылына дайындықты тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Қарағанды облысында полицейлер жаңа оқу жылына дайындықты тексерді.

     Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері мектептердегі қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеріп жатыр.

     Осы жұмыстар аясында Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, олардың жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

     Тексеру барысында мектеп маңындағы жол қозғалысын ұйымдастырудан бастап, ғимарат ішіндегі қауіпсіздік жүйелеріне дейінгі барлық маңызды мәселеге назар аударылды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайы, жол белгілерінің болуы мен көрінуі, мектепке кіреберістегі өткізу турникеттері, бейнебақылау камералары, дабыл түймелері және төтенше жағдай кезінде әрекет ететін жедел күзет қызметінің шақыртуға келу жылдамдығы тексерілді.

     Қарағанды облысында 420 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 207-сі автокөлік жолдарына жақын орналасқан. Осыған байланысты полиция жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр.

— Бүгінде мектептерге іргелес аумақтардағы жол қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселе қайта қаралуда. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің белгілері мен жол таңбаларының жағдайы тексеріліп, қажет жерлерде жаңартылуда. Бұл жұмыстардың барлығы 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс, — деді Жасқайрат Қайыров.

     Полиция қызметкерлері оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарының аумақтарын кезең-кезеңімен тексеруді жалғастырады. Бүгінгі күнге дейін 350 тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға 200 ұйғарым енгізілді.

     Сонымен қатар мектептерге іргелес аумақтардағы жол қозғалысын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 20 ұсыныс пен ақпарат жолданды.

     Баланың мектепке қауіпсіз барып, сабақтан аман-есен оралуы — ата-ана мен мұғалімнің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан полиция мектеп маңындағы жол қауіпсіздігіне, бейнебақылау мен күзет жүйелерінің жарамдылығына және білім беру ұйымдарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне бақылауды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1280850?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді