Сарыөзектің инфрақұрылымы жаңаруда: облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысының ауылдық жерлерінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуда. Мәселен, Сарыөзек ауылында жолдар жөнделіп, сапалы ауыз сумен қамту жолға қойылуда, сол сияқты апатты үйлердің тұрғындарын жаңа үйге көшіру, аудандық аурухананы жаңғырту бағытында елеулі жұмыстары атқарылып жатыр. Кербұлақ ауданына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірқатар құрылыс құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысымен танысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен өңір басшысы апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын көшіру көзделген бес қабатты 60 пәтерлі жаңа үйдің құрылысын көрді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақыткелді Қабидолданың айтуынша, Сарыөзектегі апатты үйлер мәселесін шешу мақсатында 2024 жылы 60 пәтерлік бес қабатты үй сатып алынып, оған баспанасы апатты деп танылған 100-ге тарта отбасы қоныстандырылған болатын. Құрылысы біткен тағы бір 60 пәтерлік жаңа үй қолданысқа беруге дайын, жуырда жаңа қоныс иелеріне беріледі. Ал қазір құрылысы 80% аяқталған көп қабатты тұрғын үй биылғы наурыз айында салына бастаған болатын, нысанды осы күзде аяқтау жоспарланып отыр. Үйдің ауласы абаттандырылып, балалар алаңдары да жасалуда. Құрылыс алаңында 45 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Құрылыс барысын көрген Бейбіт Исабаев, жұмыстардың қарқыны мен сапасын ерекше назарда болу керектігін айтты. Сондай-ақ ғимараттың кіреберіс баспалдағына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына арналған пандус орнатуды тапсырды.

Мұнан соң облыс басшысы республикалық жолдың Сарыөзек аумағындағы айналма жолы учаскесінде болды. Мұнда ұзындығы жеті шақырымға күрделі жөндеу жасалған. Атқарылған жұмыстар мен жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы туралы баяндаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаев учаскеде 1 көпір салынып, 18 құбыр төселгенін, жарықтандыру тіректері орнатылғанын жеткізді. Қазір нысанды қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр.

Сол сияқты осы сапар барысында ауылды ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыстардың жайын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев жеткізді. Оның айтуынша, Сарыөзекте сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялаудың бесінші кезегі жүзеге асырылуда. Су құбыры желілерінің ұзындығы – 110 шақырым. Жоба аясында 1298 құдық салу және 257 өрт сөндіру гидрантын орнату көзделген. Жүйе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ әкімшілік және әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, жалпы саны 2932 абонентке есептелген. Қазір жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алғашқы екі кезеңде тұтынушылардың жоспарланған саны толықтай жүйеге қосылды. Үшінші кезеңде межеленген 869 абоненттің бүгінгі күнге 351-і қосылды, қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

– Жобаны іске асыру жұмыстарын қарқынды жалғастырып, сапалы аяқтау керек. Қаражаттың игерілуі мен жұмыстардың белгіленген кестеге сай атқарылуы басты назарда болсын. Ең бастысы түпкі нәтиже – осы ауқымды жаңғырту арқылы Сарыөзек ауылының жылдар бойы қордаланып келген ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі, – деді Б. Исабаев.  

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Кербұлақ аудандық орталық ауруханасында да болды. Мұнда ғимаратты қалпына келтіру, сейсмикалық күшейту жүргізілді. Медициналық мекеменің жаңа заманауи ғимараты ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осы ретте аурухананың тамақ дайындау блогын жөндеу мәселесі көтеріліп, бұл ұсыныс облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау тапты. Бүгінде аурухана аумағына асфальт төсеу, кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы нысанның дайындық деңгейі 97%.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аралау соңында белгіленген жұмыстардың мерзімінде атқарылуына және абаттандыру жұмыстарына қатысты жауапты мекемелердің басшыларға нақты тапсырмалар берді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak/press/news/details/1280828?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді