
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық мониторинг тобы Қоғамдық кеңес мүшелерімен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлесіп мониторинг жүргізуде. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына жан-жақты дайындығын қамтамасыз етіп, әрбір баланың қауіпсіздігіне кепілдік беру мақсатында ауқымды мониторинг жұмыстары ұйымдастырылды.
Бұл жалпықалалық шараның басты принципі – тек қажетті құжаттама мен жабдықтардың бар-жоғын формалды түрде қарау емес, нысандардың балалар үшін нақты жұмыс қабілетін, қолжетімділігі мен қауіпсіздігін жан-жақты бағалау. Қаланың әрбір ауданында арнайы 8 мониторинг тобы құрылып, өз жұмысын жүзеге асыруда..
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айтпаева Жанат Жеңісбекқызының атап өтуінше, жұмыс барысында кешенді қауіпсіздік шараларына аса мән берілуде:
«Біз үшін жаңа оқу жылы қарсаңында әрбір баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмейтін қауіпсіз орта құру – басты міндет. Мониторинг барысында біз барлық қауіпсіздік жүйелерінің нақты іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін зерделеудеміз. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларының архив сақтау мерзімі (кемінде 30 тәулік), дабыл түймелерінің жедел әрекет етуі, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, сондай-ақ спорттық және ойын алаңдарындағы конструкциялардың (футбол қақпалары мен турниктердің) беріктігі мен қатаң бекітілуі бақылауға алынды».
Мониторинг жұмыстары кезінде антитеррористік қорғаныс пен бақылау (бейнебақылаудың соқыр аймақтарсыз жұмыс істеуі, күзет қызметінің әрекет ету алгоритмі), мектеп аумағы мен инфрақұрылым (электр қауіпсіздігі, люктердің жабық болуы, балалардың қауіпсіз маршруттары), ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жағдайлар (пандустар, тұтқалар, қолжетімді эвакуация жолдары), сондай-ақ балалардың жасырын түрде көмек алуы үшін «QR-111» ақпараттық тақтайшаларының бекітілген дизайн-макеттеріне сай орналастырылуы жан-жақты зерделенді. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған барлық кемшіліктер тіркеліп, жауапты тұлғаларға оларды жедел жою бойынша нақты ұсынымдар берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1280728?lang=ru

Жауап қалдыру