
Вена, 2026 жылғы 26 тамыз – Венадағы БҰҰ бөлімшесінде жыл сайын 29 тамызда атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай 829 қадамнан тұратын символикалық шеру өтті.
Халықаралық акцияны Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы доктор Роберт Флойд, Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының Венадағы бөлімшесінің басшысы Ребекка Джовин ұйымдастырды.
829 қадамның символикасы 29 тамыз (08.29) күніне байланыстырылған. Бұл күн көпшілік үшін ядролық сынақтардан үзілді-кесілді бас тартудың символына айналды. Дәл осы 1949 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағы өзінің алғашқы ядролық сынағын өткізген. Арада 42 жыл өткен соң, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан төрт онжылдықтан астам уақыт ішінде 456 ядролық жарылыс жасалған полигонды біржола жапты.
Веналық акция Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толуына орай Нью-Йорк, Женева және Вена алаңшаларындағы бірқатар іс-шаралардың бастауы болды.
2026 жыл айрықша маңызға ие: биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толып отыр.
Венадағы 829 қадам ядролық сынақтардың адамзат пен қоршаған ортаға тигізген зардаптарын еске салып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және ядролық сынақтарсыз болашақты қалыптастыру жолындағы бірлескен күш-жігердің символына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1281486?lang=ru

Жауап қалдыру