Әр баланың қауіпсіздігі маңызды: жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина мәлімдеді.

     Оның айтуынша, ішкі істер органдарының жұмысы “үй – мектеп – үй” бағытын, білім беру ұйымдарын, қоғамдық орындар мен интернет кеңістігін қамтиды.

– Оқу жылының басталуы көшелердегі балалар санының артуымен және мектептер маңындағы көлік қозғалысының қарқындылығымен қатар жүреді. Осыған байланысты 15-30 тамыз аралығында республика бойынша “Назар аударыңыз, балалар!” акциясы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, түрлі оқиғаларға жол бермеу және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Құралай Карина.

     Бұған дейін жазғы демалыс кезеңінде де балалардың қауіпсіздігіне бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілген.

     Атап айтқанда, балалар демалған лагерьлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, әр лагерьге полиция қызметкерлері бекітілген. Лагерь басшылығының қолдауымен балаларға заң талаптарын түсіндіруге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілген.

     Сонымен қатар 6 мыңнан астам баланы демалыс орындарына апару және кері алып жеткізу кезінде полицияның сүйемелдеуі ұйымдастырылған.

     Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауына және оларға қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін профилактикалық іс-шаралар да жүргізілген. Бұл ретте балалардың түнгі уақытта ересектерсіз көшеде жүруіне, алкогольдік ішімдік ішуіне және темекі тартуына жол бермеуге ерекше назар аударылған.

– Жазғы кезеңнің өзінде ғана балаларын бақыламаған 15 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицияға 18 мың бала жеткізілді, оның 1,5 мыңнан астамы қараусыз жүрген, – деді ІІМ өкілі.

     Сондай-ақ балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 240 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған.

     Жаңа оқу жылы басталғанға дейін полиция қызметкерлері мектептерге жақын аумақтарды, кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексереді. Сонымен қатар жол белгілерінің, қоршаулардың, жарықтандырудың және жол қауіпсіздігіне арналған басқа да техникалық құралдардың жағдайы қаралады.

     Патрульдік полиция маршруттары мектептерге жақындатылады. Сабақ басталатын және аяқталатын уақытта патрульдеу күшейтіледі.

     Бұдан бөлек, дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, кіруді бақылау құралдары және басқа да қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылады. Қауіп төнген жағдайда, күдікті адам немесе күдікті зат анықталған кезде қалай әрекет ету керектігі де пысықталады.

     Әр мектепке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен қызмет басшылары бекітілген.

     Кәмелетке толмағандармен, әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен және профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмыс та күшейтілді.

     Құралай Карина балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігі маңызды екенін айтты.

     Осыған байланысты полиция жүргізушілерді мектептер, жаяу жүргіншілер өткелдері және балалар көп жиналатын орындар маңында барынша сақ болуға шақырады.

– Бала жолдағы жағдайды дұрыс бағаламауы мүмкін. Сондықтан жүргізуші қауіптің алдын ала болжап, жол-көлік оқиғасына жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауы керек, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1282143?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді