
Астанада балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жаңа музыка мектебінің филиалы ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайтын филиал 100-150 балаға арналған. Мұнда домбыра мен қобыз сияқты халық аспаптары, эстрадалық вокал, хореография және музыкалық-теориялық пәндер бойынша сабақтар өткізіледі.
Оқу үдерісіне қажетті жеке сабақ кабинеттері, музыкалық-теориялық пәндер бөлмесі және хореография залы жабдықталған. Сонымен қатар филиалда дыбыс жазу кабинеті жұмыс істейді. Мұнда оқушылар өз шығармаларын жазып, шығармашылық жобаларын жүзеге асырып, заманауи музыкалық технологияларды меңгере алады.
Филиалда костюмерлік бөлме мен мектеп мұрағаты да қарастырылған. Бұл сахналық қойылымдарға дайындалуға және оқу орнының тарихына қатысты құнды материалдарды сақтауға мүмкіндік береді.
№1 балалар музыка мектебінің директоры Жанар Серікқызының айтуынша, жаңа филиалдың ашылуы білім беру ұйымының 35 жылдық мерейтойы аталып отырған жылда ерекше мәнге ие.
«Бұл филиалдың ашылуы – мектептің дамуындағы маңызды қадам. Басты мақсатымыз – балаларға сапалы музыкалық білім алуға қолайлы әрі заманауи жағдай жасау. Әсіресе, осы ауданда тұратын балалар үшін музыка мектебінің қолжетімді болуы олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Ал дыбыс жазу кабинеті сияқты заманауи кеңістіктер жас таланттардың өз қабілетін жаңа форматта көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді мектеп директоры Жанар Серікқызы.
Салтанатты ашылу рәсіміне Сарыарқа ауданының әкімі, Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, педагогтер, оқушылар, ата-аналар мен мектеп қонақтары қатысты. Іс-шара барысында №1 балалар музыка мектебінің оқушылары мен педагогтері концерттік бағдарлама ұсынып, өз өнерлерін ортаға салды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1282002?lang=ru

Жауап қалдыру