
Астанада жергілікті бірегей өнімдерді анықтап, оларды ілгерілетуге, шағын бизнесті дамытуға және өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері анықталды.
Жобаның қорытынды кезеңі Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Бренд-комитеттің отырысы аясында өтті. Көрме-жәрмеңке нәтижесі бойынша іріктелген қатысушылар өз жобаларын қорғап, өнімдерінің ерекшелігі, сапасы және даму әлеуеті туралы таныстырды.
Бренд-комитет мүшелері жобаларды белгіленген критерийлер негізінде бағалап, биылғы 10 финалисті анықтады.
Финалистер қатарында:
- Ернар Нурмагамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары.
- Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар.
- Ляззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер.
- Әлия Байменова – авторлық қолдан жасалған керамика.
- Бақытхан Секейхан – былғары етіктер.
- Жазира Төлегенова – құрттың түрлі ассортименті.
- Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз жартылай фабрикаттар.
- Аятолла Жұмабеков – саз сырнай және керамикалық бұйымдар.
- Шарибек Ахметова – өрік дәндері.
- Шолпан Смағұлова – пряниктер.
Финалистер өндірісті дамытуға қажетті жабдықтарды сатып алуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грантты иеленуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жоба аясында финалистерге кешенді қолдау көрсетіледі. Оның ішінде маркетингтік сүйемелдеу, SMM арқылы ілгерілету, маркетплейстермен жұмыс істеу бойынша оқыту, қаптама мен брендті әзірлеу және жаңарту қарастырылған.
Мамандар өндірістік технологияларды жетілдіру, өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кеңес береді. Жергілікті өнім өндірушілердің өз өнімдерін сауда желілері мен дүкендерге шығаруына да қолдау көрсетіледі.
https://www.instagram.com/p/Dcie09zJt3z/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1282290?lang=ru

Жауап қалдыру