
Атырау қаласында «Сапалы білім, адал азамат, озық технология: құндылыққа негізделген жаңа қадам» тақырыбында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиынға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қатысып, қала педагогтерін дәстүрлі тамыз конференциясының ашылу салтанатымен құттықтады.
– Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп, ұлт болашағын қалыптастыратын ұстаздарға ерекше баға берген. Қазір қаламызда 6 798 педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Бүгінде мектепке дейінгі білім беретін 177 балабақшада 20 548 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал қалалық білім бөліміне қарасты 71 мектепте 76 791 оқушы білім алады. Оның ішінде биыл 6 379 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халқымыздың даналық сөзіндей, қаламыздың білім көкжиегінде мерейлі белестер аз емес. Шаһарымызда 3 116 түлек алтын ұясынан асқақ армандарына қанат қақты. Олардың ішінде 52 түлек «Алтын белгі», 113 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал 595 жас талапкер мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Осы жетістіктердің әрқайсысының артында көз майын тауысып ізденген шәкірт, оның талабын ұштаған ұстаз, қолдау көрсеткен ата-ана, тұтас педагогикалық ұжымның маңдай тері тұр, – деп Шәкір Кейкінұлы ақжарма тілегін арнады.
Жиын барысында қала әкімі білім беру саласындағы жемісті еңбегі, кәсіби шеберлігі және жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтерді Алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды.
Конференцияға облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева қатысып, бірқатар білім саласының үздіктерін басқарманың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ Атырау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зарина Абдрахманова білім саласының бүгінгі ахуалы мен алдағы міндеттерін саралап, баяндама жасады.
Маңызды жиында білім саласының өзекті бағыттары талқыланып, «2026 жылдың үздіктері» номинациялары табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1281803?lang=ru

Жауап қалдыру