Болат Ақшолақов Сүйіндік, Азғыр және Асан ауылдарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Құрманғазы ауданына жұмыс сапары кезінде Сүйіндік, Азғыр және Асан ауылдарына барып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Сүйіндіктегі 2024 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияға барды. Жиырма бес төсек-орындық мекемеде емдік, диагностикалық және басқа да бейінді кабинеттер қарастырылған. Амбулаториядағы негізгі мәселелердің бірі – медицина мамандарының тапшылығы. Қазір онда бір дәрігер және 12 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Мамандардың жетіспеуіне ауылдың шалғай орналасуы да себеп болып отыр.

Болат Ақшолақов аудан әкіміне мемлекет қаражатына медицина қызметкерлерін даярлап,кейін ауылға жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сүйіндік ауылында 48 орындық спорт кешені салынып жатыр. Жұмыс 2023 жылы басталған, бүгінде нысан 35 пайызға дайын. Жобада волейбол, шағын футбол алаңдары, воркаут аймағы және жаттығу залдары қарастырылған. Облыс әкімі қысқа мерзімде кешенді салып бітіруді жүктеді.

—Нысанның құрылысы уақытында аяқталуы керек. Жаңа кешен ауыл тұрғындарының сұранысына ие спорт алаңына айналып, балалар мен жастардың шынығуына, дамуына мүмкіндік беруі тиіс,— деді Болат Ақшолақов.

Облыс әкімі бұдан соң 400-ге жуық тұрғыны бар Азғыр ауылына ат басын бұрды. Болат Ақшолақов алдымен “Қоянды” топтық су құбырына барды. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген. 2024 жылы “Декор” ЖШС тағы да алты ұңғыманы бұрғылаған. “Атырау облысы Су Арнасы” КМК басшысы Мейірім Калауидің айтуынша, бұрғылау кезінде жұмыстың сапасына қатысты мәселелер туындаған. Қондырылған сорғыларды жиілік түрлендіргішсіз қолданғандықтан, турбиналарға құм тартылып, сүзгілер бітеліп, соның салдарынан сорғылар істен шыққан.

— Сорғыларды шахмат режиміне көшіруді ұсынамыз, суды әртүрлі ұңғымадан екі сағаттан кезек-кезекпен сору керек. Бұл су қабатының қайта қалыпқа келуіне мүмкіндік береді және құм сору ықтималдығын азайтады, — деді Мейірім Калауи.

Аймақ басшысы бұл су құбырының стратегиялық маңызын ескере отырып, сорғы жабдықтарына қатысты мәселені жедел шешуді, сәйкесті сорғы түрін таңдауды және сүзгілердің дұрыс қондырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әкім жұмыс сапары аясында Азғыр ауылындағы “Балқұдық – Харабали” өткізу пунктін де тексеріп шықты. Бекет тәулігіне 15 автокөлік пен 35 адам өткізуге қауқарлы. Пункт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында электр желілеріне қосудың техникалық шарттары әзірленген.

Өңір басшысы бас сұққан келесі нысан — Азғыр ауылындағы 100 орындық Мәдениет үйі. Оның құрылысы 2021 жылы басталып, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтап қалған. 2025 жылы жобалық-сметалық құжаттама қазіргі бағалар негізінде қайта есептелді. Бүгінде нысан 50 пайызға дайын. Ғимаратта кітапхана, үлкен зал және грим бөлмелері болады деп жоспарланған.

Болат Ақшолақов тұрғындар санын ескере келе, нысанның функционалдық мүмкіндігін кеңейтуді, үйірмелер, музыка сабақтары мен спорт секцияларына арналған бөлмелер қарастыруды ұсынды.

— Нысан мейлінше ауыл тұрғындарының сұранысына ие болуы керек. Егер жоба биыл қаржыландырылса, құрылысты да осы жылдан қалдырмай бітіру қажет, — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Асан ауылдық округіне қарасты Үштаған ауылындағы құм тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге де барды. 2022–2023 жылдары 10 гектар аумақта 9 370 сексеуіл көшеті егілген. Алайда қоршаулардың, қамыс қалқандар мен көшеттердің бір бөлігін құм басып қалған. Биыл осы аумаққа қоғамдық қор “FATI FLOWERS” ЖШС-мен бірге 15 мың ағаш отырғызды. Оларды суару және күтіп-баптаумен мердігер ұйым айналысады.

Болат Ақшолақов Құрманғазыға сапарының соңында “7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік” автомобиль жолын жөндеу жұмыстарымен танысты. Тасжолдың жалпы ұзындығы – 282 шақырым. Қазір іске асырылып жатқан жобалар оның 98 шақырымын қамтиды. Табиғи-климат жағдайларының күрделілігі мен жердің құмдылығына байланысты жобаны жүргізуге «ҚазжолҒЗИ» АҚ тартылған.

— Жол төсемі суық ресайклинг әдісімен нығайтылуда, бұған геотекстиль және геотор қолданылады. Құрылым қабаттарының жалпы қалыңдығы – 40 сантиметр. Бұл жолдың шөгуіне жол бермейді және асфальттің негізі берік болады, — деді Атырау облысы автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.

Жоба үш учаскені қамтиды. Бірінші учаскеде (0–36 шақырым) 30 шақырым жер жұмыстары орындалып, 12 шақырым асфальт төселді. Жұмыстарды 2027 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланған. Екінші учаскеде (36–67 шақырым) топографиялық түсірілім аяқталды, құрылыс қыркүйекте басталады. Үшінші учаскеде (67–98 шақырым) дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2026 жылғы мамырдан 2027 жылғы желтоқсанға дейін іске асырылады.

Болат Ақшолақов жолға қатысты жобаларды уақытында іске асырудың маңызын атап өтті.

— Бұл — аудан үшін елді мекендер арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін маңызды жол. Жұмыстарды жай орындап қана қоймай, жолдардың ұзақ қызмет ететіндей сапалы болуын қамтамасыз ету керек, — деді Болат Ақшолақов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1281662?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді