
Елордада алаяқтық әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 700 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Полиция қызметкерлері алаяқтық схемаларға дроппер ретінде тартылған елорданың 20 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ақшалай сыйақы үшін ұрланған қаражатты алып, криптовалютаға айырбастап, қылмыс ұйымдастырушылары көрсеткен криптоәмияндарға аударып отырған. Оның алаяқтықтың екі дерегіне қатысы бары анықталды.
Бірінші жағдайда алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушіні 7 миллион теңгені беруге көндірген. Ер адам депозиттен қаражатын шешіп алып, оны курьер арқылы қолма-қол берген.
Екінші жағдайда жәбірленуші 22 миллион теңгесінен айырылған. Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, оны ақшасын беруге көндірген. Қаражаттың бір бөлігі қолма-қол берілсе, қалған бөлігі банк шотына аударылған.
Жәбірленушілерден алынған ақшаны дроппер криптовалютаға айырбастап, алаяқтар көрсеткен криптоәмияндарға аударып отырғаны үшін сыйақы алған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталуда.
Полиция ескертеді: банк шоттарын, карталарын және қаржылық қосымшаларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беруге, сондай-ақ бөтен ақшаны аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға байланысты күмәнді жұмыс ұсыныстарына келісуге болмайды. Адам ақша ұрлауға тікелей қатыспағанның өзінде, оның әрекеті қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1282039?lang=ru

Жауап қалдыру