
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ақпараттық материалдар шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасына кірген сәтте, соның ішінде халықаралық әуежайларда, жолаушылар пойыздары мен теміржол вокзалдарында таратылады.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері шетел азаматтарына QR-коды бар 267 733 туристік карточка табыстады.
Шетелдік азаматтарды ақпараттандыру бойынша кезекті акция Астана қаласының халықаралық әуежайында ұйымдастырылып, онда Мәскеу, Анталья, Ташкент, Нячанг және Бішкектен ұшып келген жолаушыларға цифрлық қолдау қызметтеріне қолжетімділігі бар туристік карталар таратылды. Көлік полицейлері бір күн ішінде таратқан туристік карточкалардың саны 200-ден асты.
Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының бастығы Асқар Жұмабековтің айтуынша, елімізге деген қызығушылық жыл сайын артуда, соның нәтижесінде Қазақстанға көршілес мемлекеттерден ғана емес, алыс шетелдерден де келетін қонақтардың саны айтарлықтай көбейген.
«Мысалы, елорда әуежайындағы тәуліктік жолаушылар ағыны орта есеппен 12–13 мың адамды құрайды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік артады. Біздің міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, ел азаматтары мен шетелдік қонақтар үшін барынша қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру», – дейді ол.
А. Жұмабековтың айтуынша, шетел азаматтарына туристік карточкалар шекарадан өте салысымен табысталады. Картада қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде ақпарат берілген Safetravel.kz сайтына сілтеме жасалған. Онда шұғыл қызметтердің, атап айтқанда: полиция, жедел жәрдем, құтқару қызметтерінің байланыс нөмірлері бар. Сонымен қатар, көші-қон тіркеу ережелері, кең таралған такси сервистері мен ұялы байланыс операторларының тізімі, жеке қауіпсіздік бойынша ұсынымдар сынды маңызды мәліметтер бар. Бұл шетелдік қонақтардың жаңа ортаға тез бейімделіп, қажетті ақпаратпен танысуларына және жедел көмек алуларына мүмкіндік береді.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері шетелдіктерге Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының негізгі талаптарын түсіндірді.
Өз кезегінде түркиялық азаматтар тәртіп сақшыларына өздеріне көрсеткен көмектері үшін алғыстарын білдірді.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1282219?lang=ru

Жауап қалдыру